Astana Hub технопаркінде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің жетекшілігімен IT-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараны Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан ГИС Орталығы» ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

Жиынға IT-индустрия өкілдері, технологиялық кәсіпкерлер және сандық деректер мен компьютерлік жүйелерді зиянды бағдарламалардан қорғаумен айналысатын компаниялар қатысты.

Кездесу барысында Қарулы Күштердің киберқауіпсіздік кеңесін құру және Қорғаныс министрлігінің киберқауымдастықпен өзара әрекеттестік жол картасын әзірлеу мәселелері талқыланды.

«Жуырда Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте Президент Қарулы Күштерді цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты киберқауіпсіздік мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бүгінгі шараның басты мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жолға қою бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Д. Ахмедиев.

Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінде бұл мәселелерге ерекше көңіл бөлінген. ЖОО-лармен және технологиялық компаниялармен тығыз байланыс орнатылған, хакатондар мен кибержаттығулар өткізіліп, дағдарыс жағдайларындағы шабуылдарды тойтару сценарийлері пысықталып жатыр.

Жиында қатысушылар өз жобаларын таныстырды. Мысалы, iBatyr компаниясының маманы Виталий Ли деректердің сыртқа шығуына қарсы іс-қимыл жобасын таныстырды. Ал MSSP Global өкілі Медет Турин цифрлық кеңістіктегі кибергигиена мәселелерін қозғады.

Кездесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер мұқият зерттеліп, Қорғаныс министрлігі мен киберқауымдастық арасындағы өзара іс-қимылдың жол картасын әзірлеу кезінде ескерілетін болды.

Арайлым МЫРЗАХАН,

ЕҰУ 2 курс студенті