Республикалық бюджет кірісі былтыр 19,6 триллион, ал шығысы 23 триллион теңге болды. Бұл тұста тапшылық 3,5 триллионға жуықтайды . Қаржылық проблемаларға қарамастан мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін толығымен орындады. Яғни зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер кезек күттірмей төленді. Бүгін Мәжілісте Қаржы министрі Мәди Тәкиев осылай деді.

Отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата бюджеттің атқарылу барысы жайлы есеп берді. Есепке сүйенсек, былтыр жалпы ішкі өнімнің өсімі шамамен 5%-ке жеткен. Инфляция 1% төмендеп, ел азаматтарының жалақы мөлшері 2% артқан.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:

- Республикалық бюджеттің меншікті кірістері 13,5 трлн теңгені құрады. Кірістер бойынша түсімдердің төмендеуіне келесі факторлар әсер етті: біріншіден, әлемдік геосаяси жағдайға байланысты, кейбір өндіріс көлемі қысқаруы мен логистикалық шығындардың өсуіне байланысты 188 кәсіпорын бойынша түсімдер 1,4 трлн теңгеге азайды; екіншіден, бюджет есебінен 1 трлн 216 млрд теңге сомасында қосылған құн салығының қайтарылуы орын алды. Есептік кезеңде әлеуметтік маңызы бар бірқатар бағыт қаржыландырылды.