Испания парламенті Каталония бүлікшілеріне рақымшылық жариялады.
Олардың арасында түрмеге қамалып, Еуропаның басқа елдерінде саяси баспана сұраған тұлғалар бар. Құжат қудаланған азаматтардың Испанияға қайта оралып, құқықтық жазадан босауына жол ашады.
Испания Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қабылданған рақымшылық заңы 400 ге жуық адамды қамтиды. Бұл тізімге 2017 жылы Каталонияның тәуелсіздігін жариялауға тікелей қатысы бар саясаткерлер мен белсенділер енген. Шешім қоғамда қызу пікірталас туғызып, Мадридте рақымшылық сотсыз және саяси себептермен жасалды деген айыппен билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Бірақ Испания премьер-министрі Педро Санчес басқарып отырған коалициялық үкімет құжатты бекітті.
Педро Санчес, Испания премьер-министрі:
- Каталония сепаратистерінің барлығы дерлік лаңкес емес, олар рақымшылыққа лайық. Бұл заң саяси жараны емдеудің соңғы сатысы деп сенемін.
Дегенмен, Испан билігі 2016-2017 жылдары Каталония үкіметін басқарған, аймақтың бұрынғы көшбасшысы Карлес Пучдемонға рақымшылық жасаған жоқ. Оған бүлік кезінде қызметін асыра пайдаланып, мемлекеттік қаржыны жымқырды деп айып тағылған. Сол себепті Пучдемонды тұтқындау туралы ордер күшінде қалды.
Херонимо Кортина, саяси ғылымдар профессоры:
- 2017 жылы осы аймақтың бір топ саясаткері Каталонияның Испаниядан азаттығы үшін астыртын күрес әрекеттерін ұйымдастырып, соңы үлкен бүлікке айналғанын жақсы білеміз. Нәтижесінде ел билігі төрт жүзге жуық адамды “сепаратизм” және “лаңкестік” бабы бойынша айыптап, түрмеге тоғытты.
Каталония Испанияның солтүстік шығысында орналасқан, сегіз млннан астам тұрғыны бар яғни Испания халқының шамамен 17 пайызын құрайтын ірі автономиялық өңір. Оның Испаниядан дербестігі қоғам мен билік тарапынан қашан да қызу талқыға түскен. Каталон тілі мектеп, мемлекеттік қызмет және БАҚ құралдарында қолданылады. Алайда Каталонияның тәуелсіздігін сипаттайтын байрақ және басқа символдарды мемлекеттік ғимараттарда ілуге ресми түрде тыйым салынған.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач