Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстандағы бәсекелестіктің дамуына баға берді. Ұйымға мүше елдердің серіктестері алдында Қазақстан делегациясы жүргізілген реформалар мен монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру нәтижелерін таныстырды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, Қазақстанда монополияға қарсы бес заңнамалық түзетулер топтамасы қабылданған және агенттік тікелей Президентке бағынады.

Агенттік төрағасының есебін тыңдаған халықаралық ұйым мүшелері еліміздегі бәсекелестік саясатының дамуын жоғары бағалады. Қазіргі уақытта еліміз цифрлық қызметтер нарығындағы монополияға қарсы шаралар топтамасын әзірлеп жатыр.

Ания Тиман, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшысы:

- Мен Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау агенттігі белсенді рөл атқарып жатқанын көріп отырмын. Агенттік тиімді заңнаманың қабылдануына көп күш салып, халықпен және мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, Қазақстанда бәсекелестікті ілгерілетуге ұмтылып жатыр. Әрине, бұл жеке сектордың дамуы мен өнімділік үшін өте маңызды. Бәсекеге қабілетті нарықтар, инновациялар мен өнімділік арасында тығыз байланыс бар. Осылайша Бәсекелестікті қорғау агенттігі экономикалық өсуді қолдайды.

Марат Омаров, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Бұл шолу Қазақстандағы бәсекелестікті жақсарту, жекелеген нарықтарды демонополизациялау және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бәсекелестікті дамыту мақсатында жеке кәсіпкерлерге, бизнеске, тұтынушыларға көмектесу бағытындағы жұмысымызды жеңілдетеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта бәсекелестікті дамыту тұжырымдамасын іске асыруды жалғастырамыз.