Алматыда жыл басынан бері қаржылық алаяқтыққа қатысты 12 қылмыстық іс тіркелді. Жәбірленушілерге 3 миллиард теңге шығын келген. Қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті күдіктілерді ұстап, олардың мүлкіне шектеу қойды. Бұл туралы «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форумда айтылды.

Жалпы 4 жылда Қазақстанда 99 қаржы пирамидасы жойылған. Одан 86 мың адам зардап шеккен. Алаяқтық жасаған 226 адам жауапқа тартылды. Форумға құқық қорғау органдары, қаржы және цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары мен студенттер қатысты. Мамандар жастарды жылпостарға жем болмау үшін қаржылық сауаттылығын арттыруға үндеді. Себебі жасанды интеллект дамыған заманда әр адам интернет алаяқтар мен қаржы пирамидаларынан қорғана білу керек. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыспен күресте жасанды интеллектіні пайдаланып жүр. Банктермен келісім жасап, заңсыз қаржы айналымын жылдам анықтауға күш салып отыр.

Сабырғали Балғалиев, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда бізде бірқатар криптобиржамен келісімдер бар. Солар арқылы олардың қаражаттарының анализін жасап, талдауын жасап, соның нәтижесінде бұл қаражаттар қайда кетіп жатыр, қай бағытта жұмсалып жатыр, мақсатты ма, мақсатсыз ба – сол салада тексеру жүргізіп отырмыз.