Жезқазғанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің «Ұлар» сыйлығы тапсырылды, деп хабарлайды 24kz.
Байқауда оза шапқан үздік журналистер ұлар құсы бейнеленген мүсіншемен және қомақты ақшалай сыйақымен марапатталды.
Кәсіби мерекеге орай журналистерге құрмет көрсету Ұлытау облысында дәстүрге айналған. Салтанатты шара ақпарат саласының ардагерлеріне құрмет көрсетумен басталды.
Дастан Рыспеков, облыс әкімі:
- Өңірімізде ақпарат кеңістігін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа облыстың құрылуымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының да жауапкершілігі артып, өңір тынысын, елдік мәселелерді халыққа жеткізуде белсенді қызмет етіп келесіздер. Баршаңызға шығармашылық табыс, сергек ой, ұшқыр қалам және сарқылмас шабыт тілеймін.
Әкімнің «Ұлар» сыйлығы «Мамандыққа адалдығы үшін», «Үздік шығармашылық жұмыс», «Шаңырақ» секілді 12 аталым бойынша табысталды. Байқау жеңімпаздарына 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Үздіктер қатарында тәжірибелі журналистермен қатар жас мамандар да бар.
Думан Оразов, облыстық «Ulytau» телеарнасының телеоператоры:
- Жеңімпаздар қатарында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл біз сияқты жастарға үлкен мотивиция. Халыққа жеткізетін жақсы жаңалықтарымыз көп болсын.
«Ұлар» сыйлығына журналистерден бөлек үнемі кадр сыртында жұмыс істейтін телеоператорлар мен техникалық қызметкерлер де ие болды. Ал, әрқайсысы 1 млн теңге болатын ең басты екі номинация ардагер журналистер Мағзұмбек Машайықұлы мен Шахмұрат Ибадатовқа бұйырды.
Шахмұрат Ибадатов, «Мысты өңір» газетінің тілшісі:
- Биыл 52 жыл болды осы газет саласында жүргеніме. Осылай облыс әкімінің басты сыйлығына ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл жалпы әріптестерім үшін үлкен жетістік деп білемін.
Салтанатты шарада сонымен қатар салалық министрліктен жеткен марапат иелеріне табысталды. Жалпы өңірде ақпараттық саясатты жүзеге асырып отырған 20-дан астам баспасөз ұжымы бар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов