АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырып, келіссөз жүргізушілерден тиісті келісімге келуді талап етті. Себебі анклавтағы соғыс қимылдары 20 айдан бері жалғасып келеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Трамп 29 маусымда әлеуметтік желіде жазды:
"Газада келісімге келіңдер. Тұтқындарды босатыңдар!!!" – деді АҚШ басшысы.
Екі күн бұрын ол соғысты тоқтату туралы келісім келесі аптада жасалуы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар, израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бүгін елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац және Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Эяль Замирмен жоғары деңгейдегі кеңес өткізуді жоспарлап отыр.
"Мұндағы мақсат — Газа секторындағы шабуылды кеңейту бойынша келесі қадамдарды анықтау. Жоспарланып отырған әскери операцияның бұған дейінгілерден ерекшелігі ба", — деп жазды израильдік ақпарат құралдары.
Жексенбіде Израиль әскері Газаның солтүстік бөлігіндегі палестиналықтарды жаппай эвакуациялау туралы бұйрық берді. ЦАХАЛ бұл ауданда шабуылдарын күшейтпек.
Көшуге тиіс аймақтарға Газа қаласының шығыс және солтүстік бөлігіндегі бірнеше аудан мен Джабалия босқындар лагері кіреді. ЦАХАЛ өкілі Авихай Эдраи палестиналықтарға Муваси ауданына, оңтүстікке қарай көшуге кеңес берді.
Алайда адам құқықтарын қорғау ұйымдары мұндай әрекетті мәжбүрлі көшіру деп бағалап отыр.
Израиль мен палестиналық ХАМАС ұйымы арасындағы келіссөздер Иран мен Израиль арасындағы 12 күнге созылған соғыс тоқтағаннан кейін белсенділігі артты.
AP агенттігінің мәліметінше, алдағы апталарда Нетаньяху Вашингтонға барады. Ал алдағы күндері АҚШ-қа бітім шартын талқылау үшін Израильдің стратегиялық жоспарлау министрі Рон Дермер бармақ.
Трамп бітімге келуге шақырған бірнеше сағат бұрын, Израиль Газаға әуе соққысын жасады. Палестиналық медицина мекемелерінің мәліметінше, кемінде 60 адам қаза тапты.
Шабуылдар жұма кешке басталып, сенбі таңына дейін жалғасқан. "Аль-Шифа" ауруханасының мәліметінше:
- 12 адам Газа қаласындағы "Палестина" стадионы маңында (уақытша орналастырылған адамдар орналасқан жер) қаза тапты,
- 8 адам пәтерлерінде,
- 20-дан астам адамның денесі "Насер" ауруханасына жеткізілді.
- Сенбі күндізгі соққы салдарынан Газа қаласының шығыс бөлігіндегі көшелердің бірінде 11 адам қаза тауып, олар "Аль-Ахли" ауруханасына жеткізілген.
Еске салайық, бұған дейін Израиль армиясының бас штабы Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери әрекеттерді қайта күшейтетінін мәлімдеген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!