Ұлытау облысында ауаға улы газ бөлетін кәсіпорындарға бақылау күшейді , деп хабарлайды 24kz.

Жылына 500 тоннадан астам зиянды қалдық шығаратын 5 ірі кәсіпорынға автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылды. Олардың қатарында Жезқазған мен Сәтбаев қалаларындағы жылу энергетика орталықтары, Жәйрем кен байыту фабрикасы және Жезқазған мыс қорыту зауыты бар. Экологтар: «Зиянды заттардың мөлшерін анықтайтын жүйенің көмегімен аталған кәсіпорындардың экологияға әсерін жыл бойы үздіксіз тексере аламыз», — дейді. Жаңа экологиялық кодекске сай ластаушы мекемелерге келер жылдан бастап біртіндеп жаңа технологияға көшу міндеті де қойылған. Егер заң талаптары орындалмаған жағдайда жыл сайын шығарындыларға төлейтін төлемнің көлемі еселеп артатын болады.

Шабдан Тынымбаев, Экология департаменті басшысы орынбасарының м.а.:

- Ұлытау облысы бойынша мониторингтік автоматтандырылған жүйесін орнату бойынша 6 мекеме іріктеліп алынған. Сол 6 мекеменің 5-еуінде орнатылып тұр. Онлайн режимде берілген мәліметтер экология департаментіне, құзырлы органдарға беріледі. Егер сол берілген мәліметтер бойынша шекті мөлшерден асып кеткендей жағдайлар болса, тиісті шаралар қабылданады.