Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында 10 жастағы баланы үш ит талап тастады, деп хабарлайды 24KZ. Ауыр жарақат алған бала жедел жәрдеммен Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілді. Оған төрт сағат операция жасалды. Қазір науқас жансақтау бөлімінен жалпы бөлімге ауыстырылды. Ал иттердің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды .
Қайғылы жағдай ауылдың стадионында болған. Ойнап жүрген 10 жастағы Максим Головочевті жапсарлас тұрған ауладан босап шыққан екі овчарка мен бір питбуль тұқымдас ит жабылып талаған. Жағдайды балалардан естіген жергілікті тұрғын Серік Сақайбеков бірден көмекке ұмтылады. Азулы иттерден баланы ажырату мүмкін еместігін түсініп, қолындағы бәкісімен арашалап алады.
Серік Сақайбеков, Жалпақсай ауылының тұрғыны:
- Екі күн бұрын балыққа барған болатынмын. Көлігімде бәкі бар еді. Соны алып жүгірдім. Питбуль «пахынан» алып сілкілеп жатыр екен. Овчарка иығынан алыпты. Питбульді пышақпен ұрып едім, ол ырылдады да, ауырғаннан шегінді. Баланың үстінен секіріп бардым да, овчаркаға пышақ сұқтым.
Екатерина Бурмистрова, Максим Головочевтің анасы:
- Жедел жәрдемнің ішінде балам топ баланың артынан иттердің қуалағанын айтты. Менің балам қаша алмай қалып қойған. Басы, беті, қолдары мен аяқтарын талап тастаған. Иттердің иесі менімен жеке кездеспекші болды. Бірақ мен мәселе сот арқылы шешілетінін айттым.
Иттер бұрынғы клуб, қазір нашақорларды оңалту орталығының иесіне тиесілі екен. Бірақ орталықта не үшін төбелеске арналған иттерді асырап отырғаны түсініксіз. Әрі бір емес, 15 ит ұстайтыны анықталған. Төртаяқтылардың иесі баланы құтқарған азаматқа: «Итімді пышақтағаның үшін жауап бересің», – деп қоқан-лоқы жасапты. Қазір жергілікті әкімдік орталықтың нысаналы мақсатына сай жұмыс істеп тұр ма, жоқ па – анықтап жатыр.
Ислам Бауыржанұлы, Ұмтыл ауылдық округінің әкімі:
- Мақсатты пайдалануы мәдениет үйі болғандықтан, олардың бұл жерде ит асырауы, мал шаруашылығымен айналысуы заңсыз. Осыған байланысты бұл орталықтың жұмыс істеуі және мал шаруашылығын жүргізуінің қаншалықты заңды екенін білу үшін ветстанцияға, СЭС-қа, аудан прокуратурасына, тағы басқа құзырлы мекемелерге жібердік. Ал итті бағып отырғаны мүлдем тоқтатылады.
Максим қазір Қаскелең қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Дәрігерлер баланың жағдайын орташа тұрақты деп бағалап отыр.
Алтай Достияров, Қарасай аудандық ауруханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі:
- Головочев Максим 2014 жылғы бала. Кеше 17:30–18:00 шамасында қабылдау бөліміне түсті. Сол жерде алғашқы көмек көрсетілді. Көптеген жерін ит тістеген: басын, кеудесін, қолын, аяғын және мұрнын. Құлағында және аяғында тері дефектісі бар. Қазіргі жағдайы орташа тұрақты. Протокол бойынша ем қабылдап жатыр. Ит тістеген жаралар кеш жазылады әрі қиындау өтеді. Бұл әр адамның организміне байланысты.
Қазір Алматы облыстық Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев