Сенаттың ресми сайтында «Талдау мектебі – Школа аналитики» курсының төртінші кезеңіне қатысушылар дайындаған талдау жинағы жарық көрді.
Жинақта білім берудегі инклюзия, азаматтардың экономикалық және саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі гендерлік тепе-теңдік, жасыл энергетиканы дамыту, еңбек көші-қоны, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, заң шығарудағы AI және Орталық Азиядағы орнықты даму мәселелерін қозғайтын жеті бағыт бойынша зерттеулер дайындаған 14 топтың жұмысы бар.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осыдан бұрын жинақтың тұсаукесері барысында еліміздің зияткерлік әлеуетін одан әрі нығайту бойынша Сенат жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап өткен еді.
«Осы жинақтан кейін «Талдау мектебінің» төртінші легіне қатысушылар өздерін тек түлектер ретінде емес, сонымен қатар шешім қабылдайтын азаматтарға және ел дамуының өзекті мәселелеріне қызығушылық танытатын кең аудиторияға қолжетімді толыққанды талдамалық басылымның авторлары деп атай алады. Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен «Талдау мектебі» – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, нығайтуға қосқан біздің үлесіміз. Осындай бастамалар арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі құндылықтарын дәріптейміз. Олар – білім, азаматтық өсу, патриотизм және қоғам мүддесіне қызмет етуге дайын болу», деді М.Әшімбаев.
Жинақ Парламент депутаттарына, салалық мемлекеттік органдарға, талдау орталықтарына, университеттерге жіберіледі.