Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сотта Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының маманы Мұхит Көшеровтан жауап алынды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарапшы не айтты?
Мұхит Көшеров марқұм жасөспірімнің денесіне сот-медициналық сараптама жүргізген.
"Сараптама кезінде сол жақ кеуде тұсынан өткір затпен салынған, кеуде қуысына өтетін пышақ жарасы анықталды. Жара қолтық сызығы мен арқа жақ қолтық сызығы арасында, 5–6-қабырға аралығында орналасқан. Ол плевра қуысына дейін жеткен. Сыртқы жараның ұзындығы – 2 см, жара каналының бағыты – арттан алға қарай, солдан оңға және аздап жоғарыдан төмен. Жара тереңдігі – шамамен 12 см", – деді сарапшы.
Сонымен қатар:Шерзаттың оң көзі астында көгеру болған; Қолында, төбесінде және балтырында жарақат пен көгерген іздер анықталған; Төбесіндегі жараның өлшемі – 6×3,5 см.
"Өлімнің тікелей себебі – кеудеге өткен жарақат, сол жақ өкпенің зақымдануы және плевра қуысындағы 1500 мл қан (гемоторакс). Егер пышақ жарақаты болмағанда – көгерулер мен сызаттар өлімге әкелерлік жара емес, олар үстірт жаралар", – деді Көшеров.
Аман қалуға мүмкіндік болды ма?
Сотта сарапшыға Шерзаттың аман қалуы мүмкін бе еді? деген сұрақ қойылды.
"Шерзат көп қан жоғалтқан, – деді сарапшы. Оның қашуға мәжбүр болғаны қан кетуін одан әрі үдеткен. Көп жағдайда мұндай жаралар уақытылы шұғыл көмек көрсетілмесе – өлімге әкеледі. Егер шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, операция жасалып, қан тоқтатылса, оны құтқаруға болар еді", – деп түйіндеді Мұхит Көшеров.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.
Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.
"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.
Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!