Өскеменде ауа құрамын зерттейтін экологиялық бекеттер сатып алынады.
Бұл үшін бюджеттен қаражат бөлінбек. Бұдан бөлек жергілікті кәсіпкерлер экобелсенділерді жылжымалы зертханасы бар арнайы құрылғылармен жабдықтауды көздейді. Мұндай аппараттар өндірісті шаһардағы ауа құрамына терең талдау үшін аса қажет. Жалпы жыл басынан бері Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы 70-тен аса хабарлама таратылған. Соңғы бірнеше күн бойы қаланы тұмшалаған көк тұман тұрғындарды тағы алаңдата бастады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Ауа құрамын зерттейтін құрылғылардың заманауи болуы әсіресе зиянды қоспалардың таралуы туралы нақты ақпарат беруі Өскемен үшін аса маңызды. Тау ішіндегі шаһар аспанын көк түтін басып қалатын күндер өте көп тіркелді. Мәселен, жыл басынан бері қолайсыз метеорологоиялық жағдай туралы 71 рет хабарлама таратылған.
Көк тұман торлаған күндері тұрғындар тарапынан алаңдаушылық та арта бастайды. Сондықтан экологтар қолда бар құралдарын түгендеп ірі өндірістік мекемелер маңына жиналады. Атмосфералық ауа құрамында азот диоксиді, хлорлы сутегі мен хлор мөлшернің шектен асып кетпеуіне көз жеткізеді.
- Хлорлы сутегі 20 минутта, 15 минутта жұмыс жүргізіледі талдау жұмысы жүргізіледі және азот диоксиді бойынша 20 минут талдау жұмысы жүргізіледі ал хорды бірден көруге болады.
Экологтар зауыт аумағына кіру үшін бұрынғыдай құзырлы органдардан рұқсат алып уақыт жоғалтпайды. Прокуратура мақұлдауынсыз-ақ өндірістік мекеме ауласында орнатылған автоматты құрылғы деректерін талдай алады.
Меруерт Жарлығасымова, экология департаментінің бөлім басшысы:
- Облыс аумағындағы негізгі шығарылындар көздерінде автоматты бақылау жүйесі орнатылған. Олардың нәтижелері нақты уақытта Ұлттық деректер банк сайтына жіберіліп отырады.
Вадим Кушнарёв, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының эколог маманы:
- Біздің ұйымның жетістігі жоқ емес. Қаланы көк тұман торлай бастағанда арнайы тексеріске шығамыз. Алғашқы екі күнде барлық аумақты аралаймыз. Түрлі зерттеу құралдарын қолданамыз.
Енді өлкедегі экологтардың мониторинг жүргізу мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түседі. Жергілікті кәсіпкерлер табиғат жанашырларын заманауи жылжымалы зертханамен жабдықтауға ниетті. Ал облыс бюджеті есебінен қосымша эко-бекеттер ашылады. Алдағы айларда әсіресе қыркүйекте желсіз күндер көп болады деп болжанып отыр. Сондықтан мамандар бұл жаңа құрал-жабдықтарды асыға күтуде.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин