Ұлытау облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы білім ұясы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Заманауи мектеп Жезқазғандағы Қабанбай шағынауданында бой көтерді. Қазір ғимараттың құжаттарын рәсімдеу және педагогтық құрамды жасақтау жұмыстары жүріп жатыр.

Жезқазғанның іргесіндегі Қабанбай батыр шағынауданы жер қойнауын барлаушылар үшін салынған. 200-ден астам отбасы тұратын елді мекенде бұрын-соңды мектеп болмаған. 300-ге жуық бала қалаға қатынап оқитын. Енді олар жаңа оқу жылын заманауи білім ошағында бастайды.

Салтанат Айжанова, Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Қабанбай батыр шағынауданында 0 жас пен 18 жас аралығында 278 бала тұрады. 300 оқушыға арналған мектепте жобамен 14 сынып ашамыз деп отырмыз. Барлық құрылтай құжаттары дайындалып жатыр. Қазіргі таңда біз енді техникалық паспорт алуымыз керек.

Білім ордасы бейнебақылау және дабыл жүйесімен жарақтандырылған. Типтік үлгідегі мектептерге қарағанда техникалық базасының көлемі бірнеше есе артық. Әр сыныпта интерактивті тақта мен мұғалімдерге арналған компьютерлер қойылған. Ерекше балалар үшін кедергісіз орта жасақталған. Пандус, жедел сатылар, әжетханалар мен инклюзивті білім беру бөлмесі бар.

Медет Сейітбек, қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

- Бұл мектепте бейнебақылау жүйесі ішкі және сыртқы аумақтарда орнатылған. Сонымен қатар мектепке кіру және шығу жүйесі, яғни турникеттер, оқушылар карточкалар арқылы кіріп және бөгде адамдар кіруіне тосқауыл қойылған. Сонымен қатар күзет қызметі жұмыс жасайды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік шаралары жағдай жасалған.

Бұл «Келешек мектептері» жобасымен салынған өңірдегі алғашқы нысан. Жалпы облыс бойынша үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ. Орын тапшылығын жою үшін жыл соңына дейін Манадыр ауылы мен Қаражал қаласында екі мектеп ашылады. Келер жылдары демеушілер есебінен Жезқазған, Сәтбаевта және Түгіскен ауылында үш мектептің құрылысы басталады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов