19 триллион теңге. Дәл осындай қаржы аймақтардың инфрақұрылым мәселесін шешуге бөлінбек.
Елімізде демографиялық теңсіздік күшейіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдің 20 өңірінің 10-ында халық саны азайған. Нақтырақ, солтүстік және шығыс облыстарынан халық жаппай көшуде. Салдарынан ірі мегаполистер мен басқа қалалар арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Үкімет мәліметінше, халықтың ішкі көші-қоны – елдегі демографиялық саясаттың әлсіз тұсы. Оңтүстік пен батыстағы халықтың саны күрт өсіп, солтүстікте, керісінше, азаюы ең басты мәселе дейді мамандар. Сонымен қатар, урбанизация процесі мегаполистерге ауыртпалық түсіріп отыр. 2030 жылға дейін Астана (20,3%), Алматы (13,7%) және Шымкентте (11,6%) халық саны артады деген болжам бар. Ал СҚО, Қостанай, Абай және ШҚО облыстарында халық саны 3–6% аралығында кемиді деп күтілуде.
Әлеуметтік алшақтық пен табыс айырмашылығы
Өңірлік айырмашылық салдарынан халықтың табыс деңгейі де әр түрлі. Мысалы, Түркістан облысында жан басына шаққандағы орташа табыс – 125,5 мың тг, Жамбылда – 148,7 мың тг. Ал Астанада – 323,7 мың тг, Алматыда – 359,5 мың тг. Сол себепті кедейлік деңгейі де өңірлер арасында қатты ерекшеленеді.
Мәселені шешу үшін 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта негізгі мәселелер ретінде:
• бюджеттік субвенцияларға тәуелділік,
• моноқалалар мен шағын қалалардың экономикасының тарлығы,
• инфрақұрылымның жеткіліксіздігі көрсетілген.
Аймақтардағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 19 трлн теңге қажет:
• 11,2 трлн тг – базалық инфрақұрылымға,
• 7,8 трлн тг – аймақтар арасындағы алшақтықты азайтуға.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап бюджет қаражаты бірінші кезекте артта қалған аймақтарға бағытталмақ.
Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы әр өңірдің жағдайы санмен өлшенуде. 2023 жылы қалаларда әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етілу – 87%, ауылдарда – 55,3% болды. 2025 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 91,6% және 66,6%-ға жетуі тиіс.
Қала инфрақұрылымы бойынша жағдайы ең төмен облыстар:
• Ақтөбе (83,3%),
• СҚО (88,5%),
• Жамбыл (88,9%).
Ал ауылдық ортада ең төмен көрсеткіштер:
• Абай (57%),
• ШҚО (60,5%),
• БҚО (60,6%).
СРС әлеуметтік нысандар, жол, интернет, балабақша, денсаулық сақтау пункті сынды көрсеткіштерді қамтиды.
2029 жылға дейін негізгі капиталға инвестициялар көлемі 58,4 трлн теңгеге жетуі тиіс, яғни екі есеге артады. Бұл қаржының көп бөлігі Атырау, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен мегаполистерге тиесілі болмақ.
Алайда сарапшылар стратегиялық құжатта экономикасы әлсіз өңірлер үшін нақты даму жоспарлары жоқ екенін атап өтеді. Құрғақ болжамдар мен жалпы сипаттамалар жергілікті жерлердегі нақты жобалармен нақтыланбаған.
Ең басты сұрақ: Миллиардтаған қаржы жұмсалған инфрақұрылым халықты аймақта ұстап қала ала ма?