Түркістандық автоәуесқойлар жақында жөнделген республикалық жолдың сапасына наразы.

Жол жабындысы төселгеннен кейін көп уақыт өтпей езіліп кеткен. Оның себебі не? «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері не дейді?

Бұл кадрлар Сарыағаш ауданы аумағында түсірілген. Жүргізушінің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бір ай өтпестен жолдың беті балқып, төмен түсе бастаған. Жергілікті тұрғындар әсіресе жүк көліктері жүретін аумағында осындай жағдай айқын көрінетінін айтады.

БЛИЦ

- Істелінгеніне көп уақыт болған жоқ, нығыз емес, екі ортасы толқынданып кеткен. Оның үстіне мынау камаздар өтеді. Соған сай жасалмаған менің өз ойым. Осы Абайдан Дмитревкаға Келес ауданына шығып кететін жерге дейін екі жағы толқын болып жатыр.

- Жалғанған жердің бәрі ойнап тұр. Көлікпен өтпең сезесің ғой кәмдігідей. Анау кіреберіс жерлер оларда сондай. Сапасы дұрыс болмай тұр. Мына жерде сондай борлып тұр ғой қарама-қарсы бетті қараңыз, сай болып түсіп кеткен. Сол, сапа жоқ жолда негізі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары бастапқыда айналма жолдың болмауынан шектеулі жағдайда жүргізілген. Оған қоса көлік қозғалысының шамадан тыс көп болуы да кері әсерін тигізген. Бұл жолмен тәулігіне 15 мың көлік жүреді. Ауа температуарасы 25 градустан жоғары болғанда таңғы 10-нан 22:00-ге дейін жүк көліктерінің жүктемесі 8 тоннадан аспауы тиіс.

Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол ҰК» АҚ ресми өкілі:

- Бірақ жаңадан жөнделген жолға қозғалысты шектеу белгілері қойылғанымен ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қойылған шектеу талаптары бұзылып отыр. Бұл — жолдың ресми пайдалануға берілмей жатып, зақымдануына, жаңа жабындының мерзімінен бұрын бұзылуына алып келуде. Соған қарамастан жолдағы ахауларды жою жұмыстары жүргізіліп, көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Ал «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының» өкілдерінің мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар жолдардың сапасына жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі кері әсерін тигізіп отыр. Биыл облыс аумағында 520 шаршы метр жол төсемі бүлінген. Жақында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау ережелері күшейтілді. Енді оған жауапты мамандар салғырттық танытса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш