Ертең елімізде теміржол көлігі қызметкерлері күні. Биылдан бастап бұл күн тамыздың бірінші жексенбісінде жеке аталып өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының мың жарым қызметкері түрлі марапатқа ие болды. Оның ішінде 100-ден астамы мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Салтанатты жиын. Теміржолшыларға құрмет! Бас қалада әр өңірден шақырылған үздіктер мен ардагерлер бас қосты. Айжан Қадырова – Атырау облысындағы Махамбет станциясының аға операторы. Теміржол саласында 41 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Еңбек жолын 18 жасында бастаған ол – «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Айжан Қадырова, Атырау облысы Махамбет станциясының аға операторы:
Өте қуаныштымын, әрине толқыныс болды. Темір жол саласында қиындық көп, оның ыстығына да, суығына да төзесің. Қазір темір жол жақсы дамыған, әрі қарай да дами берсін, өркендей берсін деймін. Бір жарым жылдан соң зейнетке шығамын. Жастарға айтар тілегім – еңбектеріңіз жемісті болсын.
Ал Марат Шәкенов – еңбек жолын Аягөзде қарапайым жұмысшы болып бастап, бүгінде компанияның қауіпсіздік департаментін басқарады. Темір жол саласындағы көп жылдық еңбегі мен жоғары жауапкершілігі үшін ол да мемлекеттік наградамен марапатталды.
Марат Шәкенов, «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ Қауіпсіздік департаментінің бас директоры:
Тәулік бойы жұмыс істесек те, отбасымызға көңіл бөлуге де, қызметімізді атқаруға да үлгереміз. Барлық еңбек өтілімді қосқанда, Қазақстан темір жолында 44 жыл жұмыс істеп келемін. Темір жолды мемлекетіміздің күре тамыры десек, артық емес. Бүкіл транзиттік пойыздардың қозғалысы мен пойыздарды құрастыру – негізінен темір жолға байланысты.
Темір жол – көлік саласындағы негізгі бағыттардың бірі әрі ел экономикасының күретамыры. Қазір компанияда 110 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың басты міндеті – жолаушы мен жүк тасымалының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруін қамтамасыз ету.
Асылбек Данияр