Енді қатерлі дертке шалдыққандар ем іздеп өзге өңірлерге сабылмай, облыс орталығынан сәулелік терапия алу мүмкіндігіне ие.
Қазір ғимараттың құрылысы 25 процентке дайын. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, нысан келер жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды ерте анықтап, уақытылы әрі нақты ем жүргізу, заманауи технологиялар арқылы диагностикалау – өзекті мәселенің бірі. 180 орынға арналған радиология корпусының құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мұнда жоба бойынша диспансерлік бөлімше, функционалдық диагностика және эндоскопия кабинеттері, хирургия, химиотерапия және радиология бөлімдері болады.
Бақыт Қажиденов, мердігер мекеме өкілі:
- Ортадағы блок пен ортадағы переход бар қосылатын. Сол жұмыстармен бетондық жұмыстарды бітіреміз. Әрі қарай әрлеу жұмыстары, ішкі жұмыстарды жүргізе береміз. Ішкі инженерлік жұмыстар, канализация бәрі жүріп тұр. Наружный сетьтер жүргізіп қойды. Қазір құрылыс материалдары толықтай жеткілікті. 15 адам жұмыс істеп жатық қазіргі жағдайда. Енді әрлеу жұмыстарына арнайы бригадамыз дайын тұр. Сосын ішкі тоқ жүйелерін де жүргізетін бригадамыз келіп тұр.
Медициналық нысанды салуға 6 млрд теңге қарастырылған. Оның 90 проценті республикалық бюджеттен, ал қалғаны облыс қазынасынан бөлінеді. Ғимараттың құрылысы да күрделі. Мұнда сәулелі терапия құрылғысы орналасатын бөліктің қабырға қалыңдығы 2 метр, ал төбе жабындысы 1,5 метр болады. Қазір бетон құю жұмыстары жүріп жатыр.
Ернар Қадырбай, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
- Радиологиялық құрылғыларға сәйкес келетін үлкен қабырғаларды қажет етеді. Сондай-ақ ол күрделі құрылыстардың бірі боп саналады. Аталған нысан Атырау өңірінде әлеуметтік маңызды нысандардың бірі боп табылады. Яғни Атырау өңіріне ең қажетті нысандарды бірі.
Өңірде 5542 адам қатерлі дертке шалдыққан. Олар қажетті ем алу үшін өзге өңірлерге сабылып жүр. Демек, радиология корпусы қолданысқа берілсе, сәулелік терапияны облыс орталығынан алуға болады.
Эльмира Сапарова, облыстық онкологиялық диспансердің басшысы:
- Біздерде қазір тұрған аппарат, ол кобальтовый аппарат. Оның өзінің кішкене, жаңағы ісікке тоқ берген кезде айналасындағы таза органдарға қатері тиюі мүмкін. Бірақ централизация жасаймыз. Ал қазіргі бізге қондырылып жатқан точно линейный ускоритель деген, ол тікелей ісіктің өзіне әсер беретін сәулелік ем жүргізетін аппараттар. Сәулелік еммен бірге бұл жерде МРТ бар.
Салынғанына жарты ғасыр болған облыстық онкологиялық диспансердің ғимараты да тозып тұр. Ескі нысанды сүріп, жаңасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Жуырда мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин