Араб әмірліктері құмар ойынға ресми түрде рұқсат береді, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекет осы үшін заңнамалық шектеулерді жеңілдетіп, ойын индустриясын реттейтін арнайы орган құрып үлгерді.

Енді алғашқы ойынхана екі жылдан кейін жұмысын бастайды. Қазір нысан Рас әл-Хайма әмірлігіндегі жасанды аралда бой көтеріп жатыр.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Құмар ойынға ресми түрде рұқсат беру – араб әлемінде кейінгі жылдары көп талқыланып жүрген мәселе. Оған қатысты қоғамның көзқарасы сан алуан. Бірі бұл қадамды қолдаса, енді бірі үзілді-кесілді қарсы. Айталық, бұған дейін Саудияда казино салу идеясы көтерілгенде теологтар мен ғалымдар бастаманы ислам қағидаларына қайшы деген еді. Ендігісі қалай болмақ?!

Араб әмірліктері экономикалық әртараптандыру мен туризмді дамытуды қолға алып, кей тыйымдарды жеңілдетуді жөн көрді. Соның ішінде құмар ойынға ресми рұқсат беру жөніндегі бастама да бар. Бұған жауапты мекемеге коммерциялық бизнесті жүргізу құқығы берілді. Қазір Рас әл-Хаймада әлемдік деңгейдегі казино салына бастады.

Мұхамед Рафик Элькабани, инвестор:

- Ойынхана Дубайдан 45 минут жердегі Рас әл-Хайма әмірлігінде салынады. Бұл жерде 4 бірдей арал пайда болады. Үшеуінде тұрғын үйлер бой көтереді. Ал мына бөлек тұрған аралда казино орналасады. Ол әлемдегі ең үлкен ойынханалардың бірі болады. Баламасы Лас-Вегас және Макао деген қалаларда ғана бар. Қазір құрылыстың 40-45%-і аяқталған.

Бір ерекшелігі, ойынхана жасанды аралда бой көтереді. Жағалауға жақын аумақта орналасатын ғимарат шамамен 70 қабатты болады. Жекеменшік компания жобаны «екінші Лас-Вегас» атымен әйгілі етуді көздеп отыр. Әзірге жай-жапсары толық жария етілген жоқ. Тек ашылу мерзімі 2027 жыл деп белгіленген.

WAM, Әмірліктердің ақпарат агенттігі:

- Коммерциялық ойындарды реттеу жөніндегі бас орган әлеуметтік жауапкершілігі жоғары арнаулы орта құрады. Оған қатысушылар қатаң ережелерді ұстанып, жоғары стандарттарға сай болуға міндеттеледі. Орган коммерциялық геймингтің экономикалық әлеуетін кеңейтіп, қызметті лицензиялау және реттеу бағытындағы барлық қажетті іс-шараларды мемлекеттік деңгейде үйлестіріп отырады.

Қазір жасанды аралдағы су жаңа жылжымайтын мүлік, казино маңында ашылатын коммерциялық нысан және қонақүйлер алдын ала сатылып жатыр. Инвесторлар қаржы құйып, пайдасын еселеуге кірісіп кеткен.

WAM, Әмірліктердің ақпарат агенттігі:

- Төртінші аралда жылжымайтын мүлік саудасы қызу жүріп жатыр. Билік арнайы бизнестің мұнда кең қанат жаюына жағдай жасап отыр. Инвесторлардың белсенділігін арттыруға күш салған. Казино Рас әл-Хайма әмірлігін жаңа қырынан танытады деп ойлаймын. Туристер саны еселеп артатыны сөзсіз.

Алайда елде құмар ойынға қатысты қызу пікірталас әлі басылмай тұр. Діни қайраткерлер болса, жоба жайында кесімді пікір айтуға құлықты емес. Тек бизнес саласының өкілдері бұл істің экономикалық тиімділігіне сенімді. Еске салайық, шығанақ жерінде бұған дейін бірде-бір казиноға ресми түрде рұқсат берілмей келген еді. Ал араб елдерінің ішінде Марокко, Ливан және Мысырда бұрыннан бар. Бұл елдерде құмар ойынға еш шектеу қойылмаған.

Авторы: Рауан Мыңбай