Талғар аудандық сотында “Хутор бандасының” басшысы делінген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Прокурор Ерлан Құланбаев ММА боксшысы әрі жаттықтырушы Арман Әлімовтің ұрып-соғу салдарынан алған жарақаттары бойынша сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлиев сотта өзіне жасалған шабуылды егжей-тегжейлі баяндады.
"Дүкеннің жанында бес адам ұрып-соқты. Көлік алдын ала дайындалып тұрған екен. Мадияр сәлем беріп, қолымнан ұстады. Біреуі аяғымнан, біреуі қолымнан тартып құлатып, ұра бастады. Бір кезде есімнен танып қалдым. Оянғанда көліктің артқы орындығында жатыр екенмін. Руслан аяғымнан ұстап отырды, Мадияр кеудемнен, ал басымды Ақтанов қысып тұрды. Олар мені Талғар сыртындағы алқапқа алып барды. Ол кезде енді кеш батып келе жатқан. Далаға шығарып, тергей бастады. Сұлтанбеков пен Асқаров битамен ұрды", – деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, Сайлау тергеуді жүргізіп, қашан ұру керегін өзі айтып отырған.
"Мадияр Қалымжанов жейдесін шешіп, оқтан алған жарақаттарын көрсетіп, жылап, мүгедек болып қалғанын айтты. Олар атысқа мені қатысы бар деп айыптады. Сол кезде Ақтанов Хасан Қасымбаевқа телефон соғып, “не істейік” деп сұрады. Руслан бәрін видеоға түсіріп отырды, қалғандары ұрып-соқты. Кейін Қасымбаевтың өзі келді, бірақ көліктен түспеді. Терезесін ашып, “жетеді, кетейік, әшкерелендік, полиция келе жатыр” деді. Содан бәрі тез көліктеріне мініп кетті. Менде телефон болған, сол арқылы таксист танысыма қоңырау шалдым. Ол келіп алып кетті", – деді Әлиев.