Қарағанды облысының медицина саласында 300-ге жуық маман тапшы .

Дәрігерлермен қатар, орта буын қызметкерлері де жетіспейді. Алайда былтырғы жылмен салыстырғанда тапшылық 5% төмендеген. Жалпы еліміз бойынша дәрігер жетіспеушілігі 17 пайызға азайған. Бұл көрсеткішті одан әрі жақсарту мақсатында медициналық білім беруді дамыту стратегиясы талқыланды. Қарағандыда өткен жиынға Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов төрағалық етті. Онда білім беруді дамыту және ауылға барған жас мамандарға жағдай жасау мәселесі көтерілді. Былтыр ел бойынша 250 жас маманға 8 млн теңгеден бір реттік көмек берілген. Негізінен жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, терапевт, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог сынды мамандар жетіспейді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Биылдан бастап интернатураға тек жалпы тәжірибе дәрігерлері ғана емес, сонымен қатар терапия, хирургия, акушерия-гинекология, педиатрия және балалар хирургиясы бойынша да түсуге болады. Бұл мамандықтарды бітірген түлектер интернатураны аяқтағаннан кейін жаңа қалалық клиникаларда, емханаларда, сондай-ақ ауылдық жерлерге барып жұмыс істеуге мүмкіндік алып жатыр.