Алматылық «Қайраттың» тарихи жеңісі соңғы тәулікте әлемдік ақпарат құралдарының басты спорттық тақырыбына айналды. Халықаралық агенттіктер, газеттер мен спорттық порталдар Қазақстанда өткен ойын туралы жарыса жазуда.

«Селтикті» масқара қылды». Британияның әйгілі «Гардиан» газеті бүгінгі шығарылымын ағылшындар үшін осындай көңілсіздеу мақаламен бастапты. Автордың сөзінше, қазақстандық клуб енді асқақ арманына сеніммен қадам басып барады.

Ал «Рейтер» Алматыдағы ойынның нәтижесі туралы материалын «Қайрат» Селтикті таңқалдырды» деген тақырыппен беріпті. Халықаралық жаңалықтар агенттігінің мәліметінше, «Селтик» бұрын Еуропаның чемпионы болған, енді чемпиондар лигасына өте алмай қалды деп жазды.

Қайраттың жеңісі «Би-би-си» телерадикорпорациясының жаңалықтарына ілікті. Британдық тілші Брендан Роджерс командасының 210 минутта қарсыластың қақпасына бірде-бір гол соқпағанын да атап өткен. Репортажда Роджерстің «Бар күшімізді жұмсадық. Бірақ бізге жақсы әрі сапалы сәттер жетіспеді» деген сөзі де жарияланды.

Германияның беделді «Bild» басылымы: «Өткені түн футбол әлемінде таңғажайып оқиға болды деп хабарлайды. Биылғы маусымда Чемпиондар лигасы Глазгоның «Селтик» клубынсыз өтетін болды дейді. Автордың сөзінше, ойын өрнегінде алматылық футболшылар «Селтикке» төтеп берді. Матчтың басты қаһарманы — қақпашы Темірлан Анарбеков. Ол фаворит саналатын қарсыласты тығырыққа тіреп, бірнеше рет есеп ашуға мүмкіндік бермеді деп жазды.

Сондай-ақ, «Қайраттың жеңісі Испанияның әйгілі «AS» спорт басылымының да назарынан тыс қалған жоқ. Онда алматылық клуб UEFA Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде тарих жазылғаны туралы айтылған. Мақалада алғашқы жартылай кезеңде екі команда да шабуылда нәтижелі ойын көрсете алмағаны, дегенмен шешуші сәттерде ойынның тартысты өткені жазылған.

Ақмаржан Ғафизқызы