Қазақстандық педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту мақсатында жаңа оқыту жобасы іске қосылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздардың кәсіби біліктілігін қазіргі заман талаптарына сай жетілдіру үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен серіктестікте арнайы бағдарлама әзірледі. Ол халықаралық тәжірибе негізінде жасалып, қазақстандық білім беру жүйесіне бейімделген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Курстың мазмұны аясында педагогтер:
- Жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыда қолдануды;
- Сапалы промпт жазу тәсілдерін;
- Сабақ жоспарын құру әдістерін;
- Тестілер мен оқу материалдарын әзірлеуді;
- Иллюстрациялар жасауды;
- Оқу мазмұнын жетілдіру мен оқушылардың қызығушылығын арттыру жолдарын үйренеді.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бағдарламаның басты мақсаты – жасанды интеллектіні мұғалімнің орнын басатын құрал ретінде емес, кәсіби міндеттерін жеңілдетіп, шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беретін көмекші ретінде пайдалану.
Айта кетейік, «Өрлеу» орталығы ұйымдастырған бұл тегін курстарға педагогтер reg.orleu.edu.kz сайтында тіркеліп, LMS платформасы арқылы қатыса алады. Бір аптаның ішінде 100 мыңға жуық мұғалім білім алып, олардың жартысына жуығы сертификат иеленген.