Халық Қаһарманы, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай мемориалдық музейінің экспозициясы жаңартылды, деп хабарлайды 24kz.

Алматыдағы бұл үйде композитор 1979-1998 жылдары отбасымен тұрған. Нұрғиса Тілендиевтің көптеген шығармасы дәл осы жерде жазылған. Жаңғыртудан кейін көрме залдарының аумағы ұлғайды. Мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған екі жаңа зал қосылды. Онда бірегей қолжазбалар, архивтік суреттер мен композитордың жеке заттары қойылған. Ең құнды жәдігердің бірі – Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға-домбыра». Композитордың жары Дариға Тілендиеваның есімімен аталған қасиетті домбыра оның шығармашылық шабыт нышанына айналды. Анасы сыйлаған фортепиано да осында тұр. Сондай-ақ келушілерге музей қызметкерлері Нұрғиса Тілендиевтің шығармасын орындап береді.

Дінзухра Тілендиева, Н.Тілендиевтың қызы, «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері:

- 1976 жылдан бастап папам осы үйде көптеген музыкасының бәрін осы үйде шығарған. Осы рояльда отырып, жанында Тұманбай Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Мұқағали Мақатаев деген кісілер келіп, осы жерде жұмыс жасап көптеген шығармалар осы жерде туды. Мына жерде көріп тұрсыздар, концертке киген фрагы, осы портфельде ноталарын алып жүретін.