Түгін тартса, майы шыққан Меркінің жері жанға да, малға да жайлы. Осыдан болса керек, Меркі сүт өнімдеріне қай кезде де сұраныс азайған жоқ. Меркі май-ірімшік зауытының аты шарықтап тұрған кезде жұмысшылар тәулігіне 100 тоннаға дейін сүтті өңдеп, одан ірімшік, лактоза алып отырған. 90-жылдардағы қиын кезеңде іргесі сөгілмеген, аудан тарихында аты бар зауыт қазіргі нарық заманына бейімделіп, бәсекелестерден қалмауға тырысып келеді.

Меркі май-ірімшік зауыты 1936 жылы ашылса, 1954 жылдары зауыт жанынан жаңа цехтар салына бастаған. 2005 жылы өндіріс «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Қазір тәулігіне бұрынғыдай 100 тонна сүт өндірмесе де 12-15 тонна шамасында өнім шығарып отыр. 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар алыстан келмейді, барлығы дерлік ауыл маңынан қатынайды. Орташа жалақы 130 мың теңгенің шамасында екен, жазда, еңбек қызып, өндіріс қуаты ұлғайғанда жалақы 170 мың теңгеге дейін өседі. Шикізатты Меркінің өзінен, көршілес аудандардан алдырады. Таңсәріден сүт таситын көлік­тер мал ұстайтын шаруа қожа­лықтарының, тұрғындардың үйін аралап, сүт жинайды. Өкі­ніш­ке қарай, жыл өткен сайын сүт азайып барады. Мұның себе­бін ауылда сүт өңдейтін жеке кәсіп­керлер көбейіп, сүтке сұраныс арт­қанымен байланыстыруға болады.

Сиыр ұстайтындардың көбі қолдан ірімшік, құрт, қаймақ жасап сатуға дағдыланып келеді. Осындай өзгерістерден соң зауыт басшылығы сүттің бір бөлігін Жуалы ауданынан тасымалдауға шешім қабылдаған. Бізге зауыттың тыныс-тірішілігі, жобалық қуаты туралы өндірісте сүт және сүт өнімдерінің технологі болып еңбек ететін Әсел Шекшекова айтып, түсіндіріп берді. Сүт өндірісінің технологиясын жетік білетін ол, осы зауытта 2004 жылдан бері жұмыс істейді.

д

– Өзім Бішкек политехника­лық университетінде технолог мамандығын меңгергенмін. Еңбек жолымды осы цехта қатардағы жұмысшы болып бастадым. Кейін лаборант, қышқыл сүт өнімдері бөлімінде шебер, аға шебер атандым. 2022 жылдан өндіріс меңгерушісі болып жұмыс істеп келемін. Жұмыста жауапкершілік артты, тиісінше жалақы өсті. Қазір зауытта сүт таситын 4 көлік бар. Олар өнімнің сапасын бұзбау үшін таң атпай жұмысқа кіріседі. Бәсеке заманында сүт тапшылығы қысып жатыр. Бұрынғыдай сүт жинайтын шаруалар азайды. Тығырықтан шығудың амалын тауып Жуалы ауданынан ғана емес, көрші Қырғызстаннан да сүт жеткізе бастадық. Осы қиын­дықтарға қарамастан, кейін­гі жылдары өндіріс көлемін төмен­деткеніміз жоқ. Әлі күнге айранымызды Меркіден бөлек, Таразға, Шуға тасымалдаймыз. Қатты сырларымызды Алматы, Қарағанды, Астанаға жөнелтеміз, – дейді зауыттың технолог маманы.

Зауытта 10 ғимарат, 6 цех бар екен. Сүт таситын көліктер шикізатты жеткізген сәтте оны жұмысшылар суытып, осы цехтарға бөледі. Сосын өңдейді. Ірімшік, сары май, құрт тағысын-тағы өнімдердің әрқайсысы бөлек цехта өндіріледі. Сәті түсіп тұрғанда біз де цехтарды аралап көрдік. Сүт өңдейтін цехтағы құрылғылардың үлкен­дігіне қайран қалдық. Сүт толған әр бөшкені жеке-жеке жұ­мыс­шы күзетіп тұр. Осылайша, жұ­мыс­шылар өндіріс барысын жіті бақы­лап, сүттің сапасын сақ­тай­ды. Сүт мол кезде басшылық ірім­шікті мейлінше көп жасап қалуға тапсырма береді. Себебі Меркі ірімшігіне нарықта сұраныс жақсы. Қайда өткіземіз деп бас қатырмайды. 2 жекеменшік артезиан бұрғысы, 2 трансформаторлы подстансадан бөлек 500 гектар егіндік алқабы зауытқа қарай­ды. Цехтарда елімізде, Ресей және Батыс елдерінде шығарылған құрал-жабдықтың 200 түрі орнатылған. Өндірістің негізгі тұтынушылары – Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Шу, Тараз қалаларымен қоса, Қордай, Құлан аудандарының тұрғындары.

о

Алысқа ұзамай-ақ қоялық, осыдан 5-6 жыл бұрын Меркі айраны аудандағы, Тараз қаласын­дағы дүкендердің сөрелерінен түспейтін. Тұтынушылар іздеп жүріп, соны алуға тырысатын. Қазір Меркі айранын дүкендерден жиі кезіктірмейтін болдық. Мұның себебін бізге цехтың жұмысын таныстырған Әсел Шекшековадан сұрадық.

– Зауытта қатты және балқы­тыл­ған ірімшіктерді өндіре­міз. Оның ішінде «Костром­ской», «Меркенский», «Голланд­ский», «Моцарелла» сынды қатты ірімшіктер болса, балқытыл­ғандардың ішінде «Янтарь», «Колбасный» ысталған ірімшігі бар. Бұған қоса, Меркі сары майын, айран, сүзбе, қаймағы мен құртын жасаймыз. Иә, майлылығы 2,5%, 3,2% және 1% Меркі айраны біраз жыл дүкен сөрелерінен түспей келді. Қазір де ай­ранымызды өзге өңірлерге шыға­рып жатырмыз. Бірақ, сіздер бай­қағандай бәсеке жоғарылады. Нарық­қа айранның біздегіден де арзан түрлері кірді. Ресей, Қыр­ғыз­станнан сүт өнімдері келеді. Ал сапаға келер болсақ, онда сөз­сіз біздің айран алдыңғы қатарға шығар еді. Өкінішке қарай, дү­кендердің сұранысына шек келтіре алмаймыз, – дейді Ә.Шекшекова.

2023 жылы «Даму» қорының қолдауымен Меркі ірімшік зауыты кеңейіп, өнімділік 15 пайызға ұлғайған. Зауыт басшылығы елімізге танымал өндірісті тағы да кеңейте түсуге ниетті. Ол үшін өндіруші сапаны төмендетпей, нарық талаптарына сай жұмыс істеуге тырысады.