Айгүл Иманбаева шәкірттерімен бірге Ыстамбұлда концерт берді, деп хабарлайды 24kz.

Түрік еліндегі қазақ әнінің кешіне ұйытқы болған Гүлшекер Хуанбайдың айтуынша, жат жердегі қандастарымыздың тамырынан ажырап қалмас үшін әрдайым осындай рухани іс-шаралар өткізіп тұру маңызды. Концертті еліміздің Ыстамбұлдағы бас консулы Аманқұл Нұриддиннен бөлек, 20 миллионға жуық халқы бар шаһардың 2 ауданының әкімдері де тамашалады. Олар шығармашылық кеш барысында қазақ пен түрік елдерінің бауырластығы, ынтымақтастығы, өнері жайлы пікір білдірген. Айгүл Иманбаева бұған дейін Лондон, Гранада, Мадрид пен Парижде концерт өткізді.

Жихан Севинч, Ыстамбұл тұрғыны:

- Айгүл ханымның әндерін тыңдап, жанымыз жадырады. Достарымыз да көп келді. Бәріміз ләззат алдық. Түркияда қазақтың мәдиниеті хақында іс-шаралар жиі ұйымдастырылса деген тілегім бар. Көп рақмет!

Аманқұл Нұриддин, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:

- Түркияда 10 мыңнан астам қазақ қандасымыз бар. Қандастарымыз болсын, осында тұрып жатқан қазақ отандастарымыз болсын, бәрі келіп, елге, Отанға деген сағынышын басты. Көптен бері белгілі жұлдыздың, Қазақстанға еңбегі сіңген әртістің концерті Ыстамбұлда болмаған еді. Меніңше, концерт өте керемет өтті.