Маңғыстаулық жастар энергетика, туризм, роботехника бағытындағы жаңа мамандықтар бойынша білім алуда, деп хабарлайды 24kz.
Студенттер үшін шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін шыңдауға да мүмкіндік бар. Былтыр он алты студент оқып келсе, биыл 100-ге жуық адам Еуропа, Түркия және Ресейде өндірістік тәжірибеден өтеді. Мұндай бастама «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай қолға алынды.
Бұл ІТ жүйе – колледж студенттерінің тырнақалды жобасы. VR шлем өндірісте ақауларды жедел анықтап, адам өміріне төнген қатердің алдын алады. Жоба авторлары осы құрылғы арқылы виртуалды дайындықтан өтіп, шеберлігін шыңдауға кіріскен. Әрі ақылды бағдарламаны жетілдірумен шұғылданады.
Артём Дербаскин, студент:
- Мұның шынайы өмірден басты айырмасы – адам өміріне қауіпсіздігінде. Болашақта мамандар виртуралды полигонға кіріп, электр құралдарын қолдану кезінде болуы мүмкін оқыс жағдайлармен танысады. Сәйкесінше, техникалық қауіпсіздік ережелерін тез түсінеді.
Арай Оңалбаева, өндірістік оқыту шебері:
- Жоба «Энергетика» мамандығын оқып жатқан студенттерге арналған. Олар біздің VR шлем арқылы осы полигонда тәжірибе алады. Ол жерде студенттер техникалық ақауларды тауып, оларды жоюға және өмірінің қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жасақталған.
Аймақта «Жұмысшы мамандықтар жылында» жаңартылған энергетика, гидрогеология, туризм, роботехника және мехатроника бағытында жаңа мамандықтар ашылды. Бұлардың бәрі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Колледждерде жергілікті бюджет және демеушілер есебінен құзыреттілік орталығы құрылды. Оларда студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Дәрісте озат болғандар оқытушылармен бірге әлемнің озық оқу орындарында біліктілігін арттырды.
Жәния Сармурзина, Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Тағылымдамадан үйреніп келген нәрселерін практика жүзінде қолданып жатыр. Мысалы, энергетикалық колледждің өзі 3 мамандық бойынша Париж академиясынан салалық аккредиттеуден өтті де, негізгі білім беру бағдарламаларын өзектендіру бағытында және сонымен қатар оқу процесіне жаңа бағыттарды енгізу бағытында 4 педагог және 6 студент қазіргі таңда тағылымдамадан өтіп келді. Жалпы Франция елі – АЭС салу бойынша Еуропадағы алдыңғы қатардағы елдердің бірі.
Маңғыстау облысында 26 колледж бар. 22 мыңнан астам студенттің 6 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр. Олар арнаулы оқу орнын бірнеше құзыреттілік бойынша аяқтайды. Қазір аймақта кәсіби бағдар беру жұмыстары балабақшалардың жоғары тобынан бастап барлық мектепте жүріп жатыр. «BabySkills», «Junior Skills» байқауының өңірлік кезеңінен сүрінбей өткен балалар республикалық чемпионатта бақ сынап жүр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев