Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осылай деді.

Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор міндет саналатын саланы одан әрі дамыту қажеттігін айтты. Осылайша Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеді. Әуелі бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керектігін тапсырды.

Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп барады. Сондықтан дәл осы тұста «кежегеміз кері тартпауы керек». Бұны Президенттің өзі шегелеп айтты. Себебі Қазақстан — Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған алтын көпір. Айталық, былтыр біздің аумақ арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 млрд тоннадан асқан. Сонымен қатар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына тікелей жол ашады. Бұл ғана емес, Қазақстан үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы да арта бастады. Салаға цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ал «Шығыс – Батыс» дәлізі мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Сондай-ақ біз үшін Транскаспий көлік бағытын дамытудың маңызы арта бастады. Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, онсыз ешқандай тиімділік болмайды. Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды.

Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолдары салынып, жөнделіп жатыр. Мұнда да Президент транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аудару қажеттігін айтты. Әсіресе «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Бұл тармақтың маңыздылығы жоғары. Себебі Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы контейнермен жүк тасымалдау ісіне тың серпін беру керектігін алға тартты. Әлемде құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 16 пайыздан астамы контейнермен жіберіледі. Бірақ елімізде оның үлесі әлі де төмен. Небәрі 7 пайызға жуық. Сондықтан Үкімет контейнермен жүк тасымалдау ісін жандандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Ал салалық ведмство күре жолдардың тамырына қан жүгіртіп жатқанын айтты.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Былтырдың өзінде Қазақстан мен Қытай арасында 32 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл сәйкес жылмен салыстырғанда 13 пайыз. Биыл 6 айда 20 млн тонна жүк тасымалданыпты. Ең көбі тұрғындар ең көп қолданатын заттар.

Жалпы жүк тасымалына да жасанды интелект қажет деді Президент. Ол үшін көпбейінді цифрлық платформа енгізу керектігін айтты. Үкіметке жеделдету қажеттігін тапсырды. Ал биылғы қазан айының соңына дейін кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырды. Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру – өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқаусыз өтуіне барынша жағдай жасау қажеттігін, алға тартты.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Руслан Әлиев, 24KZ