Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге арналған AI-Qyzmet оқыту бағдарламасының салтанатты ашылуы өтті.Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және жұмыс процестеріне жасанды интеллект (AI) құралдарын енгізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, әсіресе жасанды интеллект саласында бір миллион адамды оқыту қажеттілігіне ерекше назар аударған болатын.
«Президент жасанды интеллект технологияларын және ауқымды мәліметтер қорын – Big Data-ны тиімді пайдалану, заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнату жолдарын жақсарту қажеттілігін алға қойды. Агенттік мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттырубойынша тиісті шаралар қабылдауда. Өткізіліп жатқан оқытулар мемлекеттік аппаратқызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді», деді Дархан Жазықбай.
Оқыту курстары Мемлекеттік басқару академиясының орталық және өңірлік филиалдарында өтеді. Тыңдаушылар деректерді талдау, әкімшілік процестерді автоматтандыру, шешім қабылдау және өнімділікті арттыру бағытында білімін жетілдіреді.
AI-Qyzmet бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілерге келесі бағыттарда дағдылар үйретіледі:
- ақпаратты өңдеу;
- жоспарлау;
- презентациялар дайындау;
- заманауи тілдік модельдермен (ChatGPT секілді) жұмыс істеу;
- жасанды интеллект жүйелеріне бейімделу қағидаттары.
Оқыту Snack Learning форматы бойынша да – қысқа видеодәрістер түрінде ұсынылады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесіне ыңғайлы әрі икемді тәсіл.
2025 жылдың соңына дейін бағдарлама аясында шамамен 30 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқытудан өтеді деп жоспарланған.