Бүгін AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мемлекеттік қызметкерлерді жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйретуге арналған. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
AI-Qyzmet бағдарламасы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, жұмыс процесіне жасанды интеллект құралдарын енгізуге және оның мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ оқыту Snack Learning форматы бойынша видеодәріс түрінде де өтеді. Мұндай формат мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс кестесіне оңай бейімделіп қана қоймай, оқу процесін икемді етеді. Бағдарлама аясында биыл 30 мың маманды оқыту жоспарланған.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Бұл Астанада ғана емес, бұл біздің барлық өңірде басталды. Себебі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының әр өңірде өз филиалдары бар. Сол филиалдарда осы бағдарламаны оқытамыз. Бүгін соған біз бастамасын бастап бердік. Сол себепті біз заманауи талаптардан қалмауымыз керек. Біздің агенттіктің бастапқы міндеті – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып отыру.
Президент ауқымды мәліметтер қоры саналатын Big Data-ны тиімді пайдалану, заманауи цифрлық технологиялар арқылы халықпен тығыз байланыс орнату жолдарын жақсарту қажеттілігіне ден қоятыны белгілі. Өткізіліп жатқан оқытулар мемлекеттік аппарат қызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл бағдарлама алдағы 5 жыл ішінде 1 млн адамға ЖИ дағдыларын үйрету жоспарына кіреді. Оның ішінде 500 мың мектеп оқушысын, 300 мың студентті, 90 мың мемлекеттік қызметкерді, корпоративтік сектордың 80 мың маманын және басқа да салалардың 30 мың өкілін қамту көзделіп отыр.
AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы аясында тыңдаушылар цифрлық сауаттылығын арттырады. Деректерді талдау және әкімшілік процестерді автоматтандыру, сондай-ақ шешім қабылдау мен өнімділікті арттыру бағытында білімін жетілдіреді. Курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады. Бұл түрлі жасанды интеллект жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Алиев