Алматы облысында ұн өнімдерін өндіретін цех аумағында жарылыс болып, 2 адам қаза тапты. Бұл жайында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Қарасай ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы кәсіпорында 23 мамыр күні жарылыс болып, кейіннен өрт шыққан. Оқиға орнында 4 адам зардап шекті. Олардың денесінің 70-80% күйік шалған. Жарақат алғандар бірден Қарасай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Өкінішке қарай, күйік шалған екеуі ауруханада көз жұмды. Өзге зардап шеккендер қазір дәрігерлердің қадағалауында ем қабылдап жатыр.

Әйгерім Қаныбекқызы, Алматы облысы ТЖД ресми өкілі:

- Өрт 9 қабатты өндірістік ғимараттың бірінші қабатында орналасқан дәнді дақыл қалдықтарынан түзілген шаң мен ауаның жарылуынан туындаған. Өрттің жалпы ауданы 1377 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына 3 ранг бойынша Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, Алматы қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарынан 100-ден астам жеке құрам және 31 техника бірлігі жұмылдырылды.