Қазақстандық ғалымдар балаларға ойын дұрыс жеткізуді үйрететін бағдарлама жасап шығарды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба AR Sana деп аталады. Ол түрлі диагнозы бар бүлдіршіндердің тілін шығаруға көмектеседі. Жасанды интеллектіге негізделген қосымша әр оқушының ерекшелігіне қарай бейімделіп, арнайы бағдарлама жасайды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Sana – виртуал кейіпкер. Оны дизайнерлер сегіз жастағы қыз бейнесінде жасаған. «Себебі балғындар өз қатарларымен тез тіл табысып, дос болып кетеді», - дейді қосымша авторлары. Сонымен қатар балаларға жаттығу қызықты болуы үшін сабақтар ойын түрінде өтеді. Әр дұрыс орындалған тапсырма үшін ұпай алып, келесі кезеңдерге өтуге болады.

Ғалымбек Еспаев, AR Sana жобасының әзірлеушісі:

- Біз логопед кеңесшілер мен ғылыми зерттеу мақалаларына жүгіндік. Ол деректердің барлығын жасанды интеллект базасына енгізіліп, бағдарлама оқытылды. Яғни, қосымша тек жауап беріп қана отырмайды. Балалардың артикуляциясын дамытып, дыбысты дұрыс айтуға үйретуі керек. Оқушының барлық нәтижелері бағдарламада сақталады. Кейін ата-ана соған қарап, баласының үлгерімін көріп, тапсырмаларды өзгертуіне болады.

Баланың тілі кешеуілдеп шығуына көп нәрсе әсер етеді. Кейде үйде ата-анасының ұл-қызына жеткілікті көңіл бөлмеуінен болса, кейде түрлі диагноз себеп болады. Сондықтан бағдарлама әр баланың рекшелігіне бейімделіп, даму деңгейіне байланысты тапсырмалар береді. «Бірақ ол кәсіби мамандардың орны бөлек», - дейді жоба жетекшісі.

Айнұр Нұрәділ, AR Sana жобасының негізін қалаушы:

- Баланы тек қана жаттығулар арқылы стимуляция жасамайды. Онымен қоса, массаждар жасайды. Физикалық тұрғыда оларға көмектеседі. Содан кейін соларды жасап барып бірақ артикуляциялық гимнастика дейді, содан басталады. Одан кейін дыбыстық гимнастикалар бар. Біз соның ең басты қадамы массаждарды жасай алмаймыз. Сондықтан, әрине, логопедтерге бару керек.

Бағдарлама балалардың үй жағдайында жаттығуына, қосымша тапсырмаларды орындауына көмектеседі. Жобаны құрастыруға бірнеше IT маман мен веб-дизайнерлер тартылып, алты ай уақыт кеткен.

Нұрай Кеңетова, AR Sana жобасының менеджері:

- Біз алғашқы қадамымызды «Астана хабта» бастадық. Ол жерде біз стартап гаражды өттік. Ол жерде бізге өнімді жасауға, нарыққа шығуға көмектесті. Және осы жоба арасында біз 20 млн теңге көлемінде инвестиция тарттық. Сонымен қатар осы инкубация соңында біз ТОП-15 команда құрамына кірдік. Және Demo day-ға шыққан болатынбыз.

AR Sana әзірге қазақ және орыс тілдерін түсінеді. Қазір ағылшын тілін енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Осылайша, болашақта халықаралық нарыққа шығып, әлем балаларына көмектесу жоспары бар.

Авторлары: Серік Cелеубайұлы, Ғалым Әбілахат