Жасанды интелекті қай саланы да өрге бастырады. Ең бастысы, уақыт пен адам күші үнемделеді. Алайда, нейрондық желінің шарапатымен қатар кесапаты да бар. Мұны тәжірибелі IT мамандар ашық айтып отыр. Сонымен, ол нендей қауіп?

Назерке Тоқжан, тілші:

- Әлемде адамзатты дүр сілкіндірген үш жаңалық болса, соның бірі – баспа, компьютер және мынадай қалта телефондар. Бұл қатарға кейінгі жылдары жасанды интеллекті қосылды. Бір ерекшелігі: соңғысы қадамдап емес, қарыштап дамып жатыр.

Мәселен, иесінің айтқанын екі етпей істейтін осы нейрондық желі бүгінде адам кейпінде сізбен сырласып, сұхбаттасып, тіпті кеңес те бере алады.

Бірақ бар гәп осында. Жуырда АҚШ-та жеткіншектің өліміне жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ChatGPT себеп болуы мүмкін деген ақпарат шықты. Себебі марқұм суицид жасамас бұрын бірнеше ай бойы желімен үзбей сөйлескен.

Аршат Ораз, IT маманы:

- Қазір тіпті сондай термин шықты: слоппер деген. Олар еш нәрсені тексермейді. Жасанды интеллектінің айтқанымен жүреді. Ал оның беретін ақпараты дұрыс болмауы мүмкін. Сондай-ақ тіпті роботизм деген діннің де түрі пайда болып жатыр. Адамдар чат ChatGPT-дің айтқанына имандай сенеді.

Иә, сандық технология сағат санап дамыған дәуірде жасанды интеллект – адам қолын ұзартар таптырмас құрал. Алайда ондағы деректер әркез шындыққа жанаспайды. Мұндайда Абай айтпақшы: нұрлы ақыл керек. «Әр ақпаратты асықпай екшеп, парықтай білу маңызды», — дейді маман. Әсіресе, бұғанасы бекіп, санасы жетілмеген жасөспірімге көмегінен бұрын кесірі барын психологтар да айтып отыр.

Алма Мүсәпірова, кәсіби психолог:

- Жасанды интеллект болғаннан кейін, ол адам емес. Оның жан-дүниесі жоқ. Ол тек қана нақты деректер береді. Ол қай жағынан болса да адамның жан дүниесіне үңілмейді. Қазіргі мына жастардың көптеген ЖИ-ға жүгіну себебі уақыттың тапшылығы, ата-ананың балаға көңіл бөлуіге уақыты жоқ.

Отыз екі тістен тараған сөз, отыз рулы елге тарайды. Атам заманнан адам сырына берік болуды үйреткен қазақ қазір технологияға иек артты. Бірақ сарапшылар жасанды жадыға ішіңдегіні ақтарып, жеке басқа қатысты мәліметтерді енгізуде барынша сақ болуға шақырады. Ал егер алда-жалда артық ақпарат аузыңыздан шықса, демек, тыңдаңыз:

Тимур Бектұр, жасанды интеллект зерттеушісі:

- Ал егер сіз ақпаратты жіберіп қойған болсаңыз, мен жіберген ақпаратты ұмыт деп жазыңыз. Сондай-ақ жеке мәселеге қатысты сұрақ қойған кезде психологиялық, басқа да, уақытша чатты қолданыңыз.

Иә, технологиядағы кез келген жетістік алдымен адам игілігі үшін жасалады. Алайда оны шектен тыс немесе бұрыс мақсатқа қолдану пайдасынан бұрын қат-қабат қауіп төндірері хақ.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Берік Шараф