Жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөнінде дінаралық комиссия құру қажет. Бүгін елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысқан Мемлекет басшысы осындай бастама көтерді, деп хабарлайды 24kz.

Президенттің сөзінше, қазір жаңа технологиялар адам өмірін түбегейлі өзгертті. Сонымен қатар халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда дінбасыларын Қазақстанның тәжірибесіне көңіл аударуға шақырды.

Риат Шони, тілші:

- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі – адамзаттың рухани бірлігін дәріптейтін, татулық пен келісімнің алтын көпіріне айналған айтулы шара. Бұл жиында түрлі сенім мен мәдениеттің өкілдері бас қосып, ортақ құндылықтар жайлы ой бөліседі. Съезд төрінде тек діни мәселелер ғана емес, әлемді толғандырған бейбітшілік, әділет, мейірім мен төзімділік жайы қозғалады. Астанада өткен бұл басқосу – халықтар арасындағы достықты тереңдетіп, жаһанға Қазақстанның бейбітшілікке үндеген айқын үнін паш етеді.

Ислам, христиан, буддизм. Әрине, бір үстел басына түрлі дін өкілдерін қатар отырғызу оңай емес. Дәл осындай сәттерде ортақ құндылықтар мен адами ұстанымдардың қаншалықты маңызды екені айқын сезіледі.

Марван Сарвар Гилл, Аргентинадағы Ахмадия мұсылмандар қауымдастығының президенті:

- Мұсылман және имам ретінде Қазақстан үшін шын қуаныштымын. Себебі айналаға қарасаңыз, көптеген бөлінулер, қақтығыстар көбейіп жатыр. Ал Қазақстан шығыс пен батыстан, солтүстік пен оңтүстіктен, әртүрлі мәдени және діни ортадан адамдарды біріктіруге бағытталған осы бастаманы қолға алды. Сондықтан осы елде тұрғанда бейбітшілік пен бірліктің бар екенін көріп, ерекше сезімге бөленуге болатынын ұғасың.

Жер-жердегі қарулы қақтығыстар алаңдатпай қоймайды. Сөзсіз қазіргі алмағайып заманда мәмілеге балама жоқ. Сондықтан дін басылары да халықты татулыққа үндеп, өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға үлес қосуға мүдделі.

Ибрахим Салех ӘЛ-Наими, Конфессияаралық диалог жөніндегі Доха халықаралық орталығының төрағасы:

- Біз әлемдік геосаяси ахуалды өзгерту үшін саясаткерлерге ықпал етуіміз керек. Қазір Газада жұрт аштықтың зардабын көріп, соғыстың салдарынан адамдар қырылып жатыр. Балалар білім алу мүмкіндігінен айрылды. Саясаткерлер ғана емес, дінбасылары да бұл жағдайда жауапкершілік сезінуі тиіс.

Халықаралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда Қазақстан жаһанға өз жолын ұсынып отыр. Киелі қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, мәдениеттер сабақтасқан байырғы мекен. Қазақ сахарасына да түрлі діндер мен конфессиялар алма-кезек келіп, бейбіт өмір сүрді. Бүгінде сол дәстүр жалғасын тауып, еліміз татулық пен келісімнің тал бесігіне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Қазақстанда 18 түрлі конфессияға жататын 4000-ға жуық діни бірлестік бар. Елдегі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне әрі заманауи мешіттер, православиелік және католиктік шіркеулер де ерекше қорғалады. Осы ретте Президент еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтудағы тәжірибесі мол екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген.

Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс. Олар ешқашан бір арнада тоғыспайды. Әйгілі ағылшын жазушысы Киплингтің цитатасын келтірген Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы өткен съезден бері әлемде жағымсыз үрдістер белең алғанын алға тартты. Тіпті кей саясаткерлер оған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар тағып үлгерген. Бұл жерде саяси факторды естен шығармаған жөн. «Себебі биліктің саясаты бейбіт диалог пен мәдениеттердің ықпалдастығына әрқашан толық мүмкіндік бере бермейді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуы алаңдатпай қоймайды. Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады.

Жиын барысында Президент жасанды интеллектіні дамыту этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы басама көтерді. Себебі қазір жаңа технологиялар адам өмірін түбегейлі өзгертсе де, оны жауапкершілікпен пайдалану, адам құқығы мен қадір-қасиетін сақтау мәселесі өткір тұр. Ал дінаралық комиссия нейрожелілер мен өзге де серпінді жаңалықтарды қауіпсіз әрі адам игілігіне сай қолданудың ортақ қағидаларын қалыптастырумен айналысатын болады. Яғни, адамның қадір-қасиетін қорғау, кемсітушілікке жол бермеу және маңызды шешімдерді бақылауда ұстауды қамтуы тиіс.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Құдайберген Аймырза, ПТРК