Әскердің әлеутін арттыру үшін әуелі олардың әлеуметтік жағдайы жайлы болуы тиіс. Бұл ретте билік аянып жатқан жоқ. Осы күнге дейін 2000-нан астам сарбаз әскери борышын өтеген соң ЖОО-ға тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды 24kz.

Әрі 20 мыңнан астам әскери қызметшінің жалпы құны 8 млрд теңге несиесіне уақытша үзіліс жарияланды. Сондай-ақ биыл әскери қызметшілердің жалақысы өсті.

Әскери борышын өтеп келген 2 мыңнан астам жас сарбаз жаңа оқу жылы қарсаңында тегін оқуға түсті. Солардың бірі – Айберген Өміржан. Мемлекеттік білім грантын иеленуіне әскердегі үлгілі қызметі әсер еткен. Қазір жатақханамен қамтылып, шәкіртақы алып жүр.

Айберген Өміржан, грант иегері:

- Әскерде жүріп грантқа түсуге болады деп естіген кезде мен қуандым. Оған әрекет еттім, өзімнің қабілеттерімді көрсеттім. Іріктеу болды және әскерде жүріп ҰБТ тапсырдық. Сол ҰБТ-дан жақсы балл жинап, әрі қарай грант алғанымды естігенде қуандым.

Биыл елімізде әскерилердің баспанамен қамтудың жаңа тетігі іске қосылды. Жаңадан қолға алынған пилоттық жоба бойынша әскери қызметшілері мен азаматтық персоналға қызметтік баспана проактивті форматта мемлекеттік қызмет аясында беріледі.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникациялар департаменті бастығының орынбасары:

- Қазіргі кезде әскерлердің баспана мәселесі толықтай шешілген. Бұдан басқа әскерлерде медициналық қамтамасыз ету дейміз. Бұл да үнемі жіті назарда. Әскерлер толықтай мемлекет тарапынан медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Ұдан қалды бізде санаторлық-курорттық емдеу мекемелеріміз бар.

Әскерилерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау бұнымен шектелмейді. Биылдан бастап бірқатар күштік құрылымдар жалақы есептеудің жаңа форматына көшті. Мәселен сержанттар мен қатардағы жауынгерлердің жалақысы биыл 30%-ке, офицерлер құрамынікі 20%-ке өсті.

Сондай-ақ елдегі 20 мың сарбаздың 8 млрд теңгеге жуық несиесін өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Қарызды әскерилер борышын өтеу кезеңі аяқталған соң төлейді. Бастама 2023 жылы қолға алынған. Содан бері әскер қатарына келген сарбазардың кредиттік борыштары 1 жыл 2 айға толық тоқтатылады.

Авторы: Рухани Әбдірахман