Прагада еліміздің туристік әлеуеті таныстырылды. «Қазақстанға қош келдіңіздер!» деген атаумен өткен бизнес семинарды еліміздің Чехиядағы Елшілігі және отандық туризмді насихаттап жүрген ұлттық компания бірігіп ұйымдастырды. Басқосуда туроператорлар көпшілікке Қазақстанға саяхаттаудың қыр-сырын баяндады. Былтыр елімізге 15 миллионнан астам шетелдік турист келген. Прага мен Астана арасындағы тікелей әуе рейсінің арқасында Чехиядан да елімізге саяхатшылар саны артқан. Чехтерді әсіресе біздегі экологиялық, этникалық туризм қызықтырады. Кездесу барысында екі елдің туристік сала өкілдері өзара тиімді әріптестік орнату және жаңа туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстанды чех нарығында ілгерілету бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Михал Вебер, Чехияның туристік агенттіктер қауымдастығының атқарушы директоры:
Чехияның туристік агенттіктері үшін бүгінгі таныстырылым өте маңызды. Себебі бұл бизнес өкілдерімен бетпе-бет кездесіп, іскерлік орнатып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік. Биыл біз Чехиядан Қазақстанға 3 мың турист жібереміз деген сенімдеміз.
Вольфганг Квилитц, консалтингтік компанияның өкілі, туризм жөніндегі сарапшы:
Қазақстанда туристер үшін алуан түрлі қызық бар. Әлеуеті мол мемлекет. Табиғаты ғажап, мәдениеті бай. Көптеген спорттық шаралар, ірі өнеркәсіп орындары туристер үшін ғана емес, біздің компаниялар үшін өте қызық. Осындай басқосулар туризмді дамытуға сеп болары сөзсіз.
Нұрсұлу Қасым