Ақтау гарнизонында сүңгуірлік даярлық бойынша оқу-әдістемелік жиналыс табысты аяқталды. Бұл шараға барлығы 15 адам қатысты, оның ішінде кеменің штаттан тыс сүңгуірлері де болды , деп жазады Egemen.kz.

Теориялық бөлімде сүңгуір түсірудің физикалық және физиологиялық негіздері, сүңгуір медицинасы, жабдықтар мен түсіруді ұйымдастыру тәсілдері қарастырылды. Практикалық сабақтарда сүңгуір жабдықтарын пайдалану, құтқару операциялары және су астындағы төтенше жағдайлардан шығу дағдылары жетілдірілді.

Тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен жеке құрам әртүрлі тереңдіктерге сүңгуірлер түсіріп, кемелердің су асты бөліктерінің зақымдану ықтималдығын тексерді. Іс-шара барысында арнайы тапсырмаларды орындау кезінде қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылдарды үйлестіруге ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шара жетекшісі капитан-лейтенант Сайран Әбдікәрімов сүңгуірлердің су астында арнайы міндеттерді орындауға әрдайым дайын болуы тиіс екенін айтты.

– Әрбір сүңгуір жарақтар мен құралдарды толық меңгеріп, су астында сауатты әрекет жасап, кеменің сүңгуір тобы құрамында тиімді өзара әрекет ете білуі керек, – деді ол.

Әскери қызметкерлер сүңгуір жабдықтарының техникалық және материалдық құрамын зерттеп, сынақтардан сәтті өтіп, арнайы құралды қолдануға рұқсат алды.

Айта кету керек, Әскери-теңіз күштерінде сүңгуір дайындығы үнемі жүргізіледі.

Дамира Төлеген

ЕҰУ студенті