Биыл Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорында сақталатын азық-түлік көлемі жылдағыдан екі есе көп болады. Бұған дейін коммуналдық базарда сатылатын әлеуметтік тауар тұтынушылар сұранысының 30 пайызын ғана қамтып келді.

Енді алдағы қыс айларында 50 пайызды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл шара картоп пен өзге де көкөніс бағасының тым қымбаттауына жол бермеуі тиіс. Қазір өңірде күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын.

Бұл шаруа қожалығы картоптың голландиялық тұқымдарын егеді. Себебі олар Ақтөбенің ауа-райына жерсініп, мол өнім береді әрі қамбада ұзақ мерзім сақталады. 198 гектар жерге картоппен қатар пияз, сәбіз, қызылша да өсірді. Қазір өнімді қамбаға жеткізіп, алты ай қысқа сақтауға әзірлеп жатыр. Тауардың жартысы тұрақтандыру қорына тиесілі.

Берік Хамитов, шаруа қожалығының директоры:

- Биыл 158 гектар жерге картоптың «Гала», 10 гектарға «Коломбо» тұқымдарын ектік. Өнімді тамыз айынан бастап базарға шығардық. Өнімге көңіліміз толып тұр. Қазір саудалауға да, қысқа сақтауға да тұрақтандыру қорына да жетеді. Гектарынан 25 тоннадан алдық. Пияз бен сәбіз де бар.

Биыл тұрақтандыру қорының қамбаларына 9 мың тонна картоп, 2 мың тоннадан сәбіз бен қырыққабат, мың жарым тонна пияз жеткізіледі. Өнім көлемі былтырмен салыстырғанда екі есе көп. Жауапты мамандар әлеуметтік дүкендерде көкөніс қыс бойы үзілмейтіндей етуді көздеген. Сондықтан қорды жасақтауға көктемде кірісіп, шаруаларға төлемақының бір бөлігін алдын ала аударған. Ал көкөністің сапасын арнайы комиссия тексеріп, қабылдап алады.

Тимур Биманов, «Ақтөбе» ӘКК департамент директоры:

- Көкөністің сапасын әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация мен ауыл шаруашылығы басқармасы, мемлекеттік стандарт мамандарынан құралған комиссия тексереді. Дүкендерге жеткізер алдында да қадағалаймыз. Бұл өнім коммуналдық базарларда ғана сатылады.

Көкөністен бөлек қала қорында бакалея өнімдері де бар. 400 тонна қант пен 272 тонна күріш, 30 тонна күнбағыс майы қыс мезгілінде нарық бағасын тұрақтандыруы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов