Бұдан екі жарым ай бұрын, дәлірек айтсақ 74 күн бұрын жолға шыққан ерлі зайыпты кеше іргедегі Жібек жолы ауылына аялдаған. Бүгін сонау Қытай шекарасынан бері аяқ артып келе жатқан қос атпен бар сән-салтанаты жарасып, қазақы кейпімен елордаға кіріп келе жатыр.
Сәні келіскен дейтініміз аттылы қос қазақтың құранды ер, үкілі бөркі, бәрі де арғы қазақтың салт-дәстүрін, өнерін, рухын паш етіп тұр. Қуатбек пен Жайна атамекенге қарай тамыз айының басында шықты. Қытайдың Тарбағатай аймағындағы Сауан ауданынан шекараға дейін жұртпен бірге қолды аяқтай екі ұлы шығарып салған.
Содан бері ерлі-зайыпты жолшыбай аяқ суытты демесеңіз, аттан түскен жоқ. Тек Қытайдан мініп шыққан қос жануарды кеден өткізбеген. Алайда саяхатшылар мойымады. Басқа екі ат таңдап, бері тартты. Жол үстіндегі екі ай, әрине, оңай болған жоқ. Жаңбыр да жауды, қар да ұшқындады. Аттар да ауыздықпен алысып бақты.
Қуатбек Түсіпханұлы, саяхатшы:
- Көк тұлпарымыз айғыр болғандықтан жолда біраз қиындықтар туындады. Бері қарай жүрген сайын жылқы табыны көбейді. Балқаштың тұсында көлден алыстау жерден бой бермей кеткен себепті айырылып қалдық. Он шақты шақырымдай қуып отырып, Балқаштың шетіне келіп, бір тайларға қосылып жүріп, сонымен ен далада ұстап, сондай қызықтар болған.
Жол бойындағы жұртшылық салт аттыларды жылқы сойып қарсы алып, қонақ етті. Ауыл жыршы, әншілерін де даярлап қойған. Қазақтың көңілі — көл.
Жайна Еркінқызы, саяхатшы:
- Қазақстанның ауа райы өте жақсы екен. Тұнық ауа. Қанша кеш демалсақ та таңертең сондай сергек болып тұрамыз. Табиғаты өте күшті. Адамдар да сондай мейірімді.
Қуатбек Түсіпханұлы, саяхатшы:
- Әрбір текшелерден көріп-танысып, жол-жөнекей біліп, бері қарай жүрген сайын осындай қарсы алулар күннен күнге күшейіп, әр ауылдың әкімі болып, халқы болып, ақыны болып, мәдениет үйлерімен шығып қарсы алып, сондай тамаша болып жатыр.
Алыстан ат артып келген ағайынға жергілікті жұрт риза болысып, астындағы атын атап жатқандар бар. Қос-қостан тұлпар сыйлағандар да бар. Бұрынғы қазақтың өзін көріп, риза болысқан ел жол бойы атпен біраз жер шығарып салып, кейбірі Астанаға дейін еріп келген.
Құрмаш Нұрпейісов, Шашубай кентінің тұрғыны:
- Астанаға да жеттік, бірге келе жатырмыз. Жол-жөнекей қазақ халқы серттілігін білдіріп, қонақшылдығын білдіріп, осылай қарсы алып, жолда қаншама адам астыларына ат та, тай да мінгізіп, қазақтың нағыз есте қалатын күнін көрсетіп келе жатқан. Екі жас жұбай қазақ халқын оятты. Қазақ халқының ескі салт-дәстүрін оятты.
Ерлі-зайыпты сапардағы сенімді серіктерінің қатарына жолшыбай екі бірдей салпаңқұлақты қосып алды. Жайна Еркінқызының айтуынша, қос күшікті Шелек ауылының тұсында қоқыста жүрген жерінен тауып алған. Ырымдап Достық, Береке деп атап, тастамай өздерімен ертіп жүр. Екі күшік екі айда әжептәуір өсіп те қалыпты.
Жайна Еркінқызы, саяхатшы:
- Тазы иттеріміз болған. Белгілі себептермен олар жоқ боп қалған. Сол екі итім көзіме елестеді. Сағыныш күшейді де, Қуатқа "аттан түсіп, сол екі күшікті маған берсең, мен Астанаға жеткенше алсам" дедім. Қайтіп бағасың деген сұрақтар болды, бірақ мен бағамын деп өзіме сенімді болдым. Сол себепті осы екі күшігімді әлі күнге дейін әлі алып келе жатырмын.
Жиһанкездер бұған дейін Қытайдың өз ішінде Сауан ауданынан Бейжіңге дейін атпен саяхаттаған екен. Бір қызығы — ол сапар да 74 күнге созылыпты. Салт аттылар бірде аяң, бірде шоқытып бұл жолы да үш мың шақырымдай жолды 74 күнде жүріп өтті. Тарбағатайдан Сарыарқаға дейінгі аралықта ұлттық мәдениетті насихаттаған ерлі-зайыптының бар мақсаты — қазақтың астанасын көру.
Басқа бұйымтайымыз жоқ, дейді отағасы. Бірақ мініп келген аттарын осында ел ағасына сыйлаймыз деп отыр. Оның нақты кімге бұйырары көрерменге бүгін белгілі болмақ.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Диас Қобыланбаев