Биыл Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 32 нысан салынып, жыл соңына дейін тапсырылады.
Одан бөлек Қазығұрт, Сарығаш және Шардара аудандық орталық ауруханалары күрделі жөндеуден өтіп, 60 дана жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды. Бұл туралы Республика күніне арналған мерекелік кеште айтылды. Өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар еңбек адамына «Парасат», «Құрмет» ордендері табысталды.
Салтанатты жиында аймақ басшысы Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын еліміздің айшықты мерекесі — Республика күнімен құттықтады. Одан соң Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Туристік нысандарды ретке келтіру, инфрақұрылымды дамыту жайында баяндады.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Облыста 3 негізгі бағыт айқындалды. Тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Жыл басынан 500 мыңнан астам турист келіп, туристік қызметтен түскен табыс 5,5 млрд.теңгені құрады. Түркістан қаласында Есу арнасы каналы, Қолөнершілер орталығының құрылысын аяқтап, іске қостық.
Одан кейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері мен белсенді азаматтарды «Парасат», «Құрмет» ордендері және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапаттады. Мерейі үстем болғандардың бірі Мекенбай Атабайұлы. Ауыл шаруашылығы саласының ардагеріне «Құрмет» ордені табысталды.
Мекенбай Атабайұлы, еңбек ардагері:
- Мамандығым агроном. Мақта өсірдік, қауын-қарбыз, жоңышқа, жүгері, бидай, соларды өсірдік. Бәрінен жақсы өнім алдық. Аленді біздің еңбекті бағалап, осындай азамат екен деген облыс әкіміне рахметімді айтамын.
Мерекелік жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Отаншылдық рухтағы әндер шырқалып, ел бірлігі ұлықталды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш