Павлодарда елдегі алғашқы экстрадозды көпір құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Автомобиль көпірі Ертістің үстінен өтеді. Бұл – Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. 1962 жылы салынған өткел әбден ескіріп, 2017 жылдан бері ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылған еді. Жаңа көпір бұрынғыдан 5 метрге биік болады. Бұл кеме қатынасына кедергі келтірмес үшін жасалды. Құрылысқа заманауи технологиялар қолданылып жатыр. Техникалық жай-күйін тәулік бойы бақылайтын зияткерлік мониторинг жүйесі орнатылады. Бұл жүйе көлік қозғалысы мен құрылымның қауіпсіздігін автоматты түрде бақылап отырады. Жобаның жалпы құны 70 миллиард теңгеден асады. Көпірді 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

«Жаңа өткел өңірлік және халықаралық көлік ағынын жеңілдетіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», — дейді мамандар.

Алексей Логвиненко, «Қазавтожол» ҰК АҚ ПОФ директорының орынбасары:

- Бұл Қазақстандағы алғашқы экстрадозды көпір болмақ. Экстрадозды көпір – бұл аспалы көпірдің бір түрі, бірақ онда тіректер қысқарақ болады. Бұл технология құрылымның беріктігін арттырады және қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келеді. Жаңа көпір автомобиль жолдарының бірінші санатына сай салынады. Төрт жолақты, әр бағытта екі жолақтан, сондай-ақ бір жарым метрлік тротуар жолдары қарастырылған.