2029 жылы елде энергия тапшылығы түбегейлі шешіледі. Энергетика министрлігі бұл үшін жаңадан 6,7 гигаватт болатын қуат көздерін іске қосатын 68 жобаны жүзеге асырмақ.

Қазақстан әлемдегі электр энергиясын ең көп тұтынатын елдердің бірі. Бүгінде мемлекетімізде 237 электр станциясы бар. Алайда, бұл халықтың сұранысын толық өтей алмай отыр. Салдарынан 4 жылдан бері тоқ тапшылығы туындап келеді. Бұған басты себеп, елдегі кәсіпорындар мен ауыр өнеркәсіп кешендерінің көбеюі. Мәселені ескерген министрлік 2029 жылға дейін жаңа 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бағыт бойынша жұмыс басталып кеткен. Мәселен, былтыр 771 мегват жаңа қуат көзі іске қосылды. Оның 608 мегаваты дәстүрлі, ал 163-і жаңартылған энергия көздері. Биыл бұл көрсеткішті 621 мегаватқа жеткізу межесі тұр. Осылайша, жұмыс жүйелі жүріп, жоспар жүзеге асса 4 жылдан кейін тоқ тапшылығы түбегейлі шешіліп қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Энергетика министрінен бөлек, Кегок және Самұрық қазына акционерлік қоғамының басшылары да қатысып, баяндамаларын жасады. Мәселен, Кегок компаниясы қазір екі жобамен айналысып жатыр екен. Біріншісі елдің оңтүстік аймағында электр желісін нығайту, екіншісі Батыс Қазақстан электр желісін Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосу. Жиынды қорытындылыған Үкімет басшысы Энергетика министріне жылыту маусымын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 250 мегаватт, келесі жылы 2.5 гигаватт энергия қуатын енгізуі керектігін айтты.