Батысқазақстандық 14 өрен республикалық пәндік олимпиадалар мен байқауларда топ жарса, 62 оқушы жеңіс тұғырынан табылған.
Ал 3 шәкірт халықаралық ғылыми олимпиадаларда жүлдегер атанды. Бұл – өткен оқу жылындағы жетістік. Бүгін өңір басшысы Нариман Төреғалиев жас дарындармен кездесіп, құттықтады.
Мирас Мұхит Оралдағы № 44 мектеп-гимназияда оқиды. Табиғатынан зейінді бала математика, физика секілді нақты ғылымдарға құштар. Өткен оқу жылында мұғалімі Айгүл Нұрекешованың жетекшілігімен Паскаль үшбұрыштарын шахмат ойынында қолданудың тың тәсілдерін тапты.
Мирас Мұхит, 11-сынып оқушысы:
- 2025 жылы Астанада өткен Өмірзақ Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жоба сайысында математика секциясы бойынша өз жобамызды қорғап, екінші орын алған болатынмын. Менің жобам – Паскаль үшбұрыштарын шахмат ойынында қолдану. Мақсаты – шахмат ойындарындағы түрлі әдістерді бағалап, ең оңтайлы тәсілдерді тауып, жеңіске жету.
Мирас секілді түрлі жобаларды қолға алып, халықаралық, республикалық байқауларда көзге түскен өнерлі өрендер өңірде аз емес. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев 70 зейінді жасты жетістіктерімен құттықтап, қаржылай тартуларын табыстады, Мемлекет басшысының дарынды балаларды қолдауға айрықша мән беретінін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Себебі әлемдік деңгейдегі білімнің көрсеткіші – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің кепілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының атауы «Адал азамат» атауына ауыстырылып, еліміздің барлық білім беру мекемелерінде енгізілетінін атап өтті. Батыс Қазақстан облысында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Өткен оқу жылында батысқазақстандық 76 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлде алса, 3 шәкірт халықаралық ғылыми байқауларда топ жарған.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов