Шара екі ел арасындағы сауда-саттық байланысты дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Жиынға екі елдің үкімет өкілдері, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысуда.
Форум аясында Ауғанстан тауарларының көрмесі ашылды. Бизнес қауымдастықтың екі премьер мижүзге жуық өкілі өнеркәсіп, қолөнер және тағам өнімдерін ұсынып, өндірістік әлеуетін таныстырды. Көрме екі ел арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі:
- Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік жəне Орталық Азия өңіріндегі маңызды əрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық жəне энергетикалық байланыстарды сақтау мен одан əрі нығайтуға мүдделіміз.
Қос елдің сауда-экономикалық байланысы жанданып, алыс-берісі артып келеді. Биыл қазақстандық кәсіпкерлер Ауған еліне жүк көліктері, табиғи газ, тыңайтқыш пен қант экспорттаған. Сегіз айда елдер арасындағы тауар айналымы 278 млн АҚШ долларына жетті. Енді сапалы бидай, ұн мен күріштің саудасын көбейту көзделіп отыр.
Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауғанстан транзиті Өзбекстан мемлекеті арқылы бері қарай келеді. Одан бөлек екі ел арасындағы келісімдерге сәйкес логистикалық қиындықтар жоқ. Жолдарды, транзиттік жолдарды қарастыру сияқты бүгінгі екі жақты кездесуде талқыланатын болады.
Ауғаннан Қазақстанға табиғи шырындар, зергерлік бұйымдар, былғары мен құрылыс материалдары жеткізіледі. Бизнес форумында іскерлік байланысты нығайту мақсатында екі жақты келіссөздер ұйымдастырылды. Тараптар екі елдің экономикалық байланысын одан әрі дамытуға мүдделі.
Нуриддин Азизи, Ауғанстан ислам әмірлігінің сауда және өнеркәсіп министрі:
- Бүгінгі таңда көптеген Ауған тауарлары халықаралық сапа стандарттарына қол жеткізіп, Қазақстан нарығына ұсынылғанына қуаныштымыз. Тұтынушылар да біздің өнімдерге қызығушылық танытып, қолдау көрсетеді деп үміттенеміз.
Қазақстан Ауғанстан арқылы халықаралық көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделі. Бұл бағыт порттар арқылы, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үнді мұхиты маңындағы елдердің нарығына тікелей жол ашады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов