JRC MARS бюллетені биылғы өнім орташа деңгейде болады деп болжайды.

Алайда кәрі құрлықтың оңтүстік-шығысындағы жүгері мен күнбағыстың шығымы көңіл көншітпейді. Оған себеп – жаз бойғы қуаңшылық.

Биыл Венгрия, Румыния, Хорватия және Түркияда жаз бойы жалғасқан құрғақшылық жаздық дақылдар жағдайының нашарлауына әкеп соқты. Әсіресе жүгері мен күнбағыс ең көп зардап шекті. Өнімділігі бесжылдық орташа деңгейден 3% және 10 %-ға төмен болып шықты. Оңтүстік Германияда картоп пен қант қызылшасына зиянкестер айтарлықтай зақым келтірді. Дегенмен, елдің өзге аймақтардағы жағдай жаман емес. Ал Оңтүстік Румыния мен Болгарияда қыркүйек айының соңына дейін құрғақшылық созылып, кенеттен нөсер жаңбыр жиіледі. Салдарынан дақылдардың әлсіз дамып, оларды жинау жұмыстарында қиындықтар пайда болды. Алдын ала мәліметтер бойынша биыл Еуроодаққа мүше елдерде бір гектар жерден 5,15 тонна арпа жиналады. Жүгері өнімділігі 6,82 тоннаға жетті. Картоп – 37,3 тонна. Қант қызылшасы — 76,3 тонна. Күнбағыс — 1,79 тонна, соя бұршағы 2,75 тонна, түйебұршақ 2,81 тонна, асбұршақ — 2,31 тонна. Жасыл жүгері — 42,8 тонна болса, күріштің көрсеткіші 6,69 тонна.

ЦИТАТА (Дереккөз: ВВС): Олли Филд, Ұлыбританиядағы шаруа қожалығының иесі

Егін түсімінің төмендеуіне ең алдымен құрғақшылық әсер етіп отыр. Салдарынан табыстан айырылып отырмыз. Астық түсімі 20–25%-ға азайды. Өзге де шаруалар ос мәселеге алаңдаулы. Биыл кіріс бола ма, жоқ па, белгісіз.

Ұлыбритания шаруаларының дабыл қағуы орынды. Жығылғанға жұдырық болғандай биылдан бастап елдегі фермерлер мұрагерлікпен қалған ауылшаруашылық жерлер үшін 20% салық төлейтін болған. Осының кесірінен соңғы жылда ісін дөңгелете алмаған 6 мыңнан астам кәсіпорын жабылып қалды.

ЦИТАТА (Дереккөз: ВВС ): Дэвид Эксуд, Ұлыбританиядағы шаруа қожалығының басқарушысы

2025 жыл 35 жылдық тәжірибемдегі ең ауыр жылдардың бірі болды. Шөп және астық өнімі төмен. Бұдан өзге жер үшін салық төлеу ауыл шаруашылығы саласының болашағына кері әсер етпек. Шаруалар кәсібіне инвестиция құюдың орнына тапқан табысын салыққа жібереді. Бұл дұрыс емес.

Жаздық дақылдарды біржақты қылған шаруалар енді күздік егіске көшті. Мұнда да бірқатар қауіп бар. Пиреней түбегінің солтүстік бөлігінде құрғақ топырақ пен күзгі жауын-шашынның болмауы егін егу науқанын қиындатып отыр. Венгрия, Батыс Румыния және Шығыс Хорватия жерінде де биыл күзгі жауын-шашын аз болды. Сол себепті егін егу кешіктіріліп жатыр. Ал оңтүстік-шығыс Румыния мен Солтүстік Болгарияда керісінше қазан айының басында жауын-шашын мол түсіп, қысқа мерзімде құрғақшылықты шамадан тыс ылғал алмастырды. Бірақ бұл да егін егу жұмыстарының баяу жүруіне әсер етуде.

ЕО елдері бойынша жаздық дақылдар өнімі

арпа — 5,15 т/га

жүгері — 6,82 т/га

картоп — 37,3 т/га

қант қызылшасы — 76,3 т/га

күнбағыс — 1,79 т/га

соя бұршағы — 2,75 т/га

түйебұршақ — 2,81 т/га

асбұршақ — 2,31 т/га

жасыл жүгері — 42,8 т/га

күріш 6,69 — т/га