Қазақстандық параспортшы Балқашты жүзіп өтіп, халықаралық рекордтар кітабына енді.

Ақназар Мүтәліпов 13 сағат ішінде 20 шақырымды еңсерген.

27 жастағы Ақназар Мүтәліпов өз өмірін өзгерткен жан. Бұрынғы темір жол қызметкері жеті жыл бұрын ауыр жарақат алып, қолы мен аяғынан айырылады. Бірақ ол тағдырдың сынағына мойымай, спортқа бет бұрады. Басында бассейнде 400 метр жүзсе, кейін екі жарым шақырымды бағындырады. Кейін бұл жетістігін місе тұтпай, елдегі ірі көлдердің бірі Балқашты жүзіп өтуді мақсат етеді.

Ақназар Мүтәліпов, параспортшы:

- Мен қос жағалаудың арасы 20 шақырым болатын жерді әдейі таңдадым. 13 сағат бойы су бетінде жүзу ерік-жігеріңді сынап, өзіңді жеңуге көмектеседі. Бассейнде дайындалдым. Бір айлық оқу-жаттығу жиынынан өттім. Осындай дайындықпен Балқашты жүзіп өттім.

Ақназардың нәтижесі Халықаралық рекордтар кітабына тіркелді.

Ол ашық суда 20 шақырымды еңсерген әлемдегі тұңғыш параспортшы. Бұл жеңіс қайсар рух пен қажырлы еңбектің символы.

Ақназар Мүтәліпов, параспортшы:

- Ең алдымен, өзім үшін осы қашықтықты жүзіп өте алатынымды дәлелдеу керек болды. Сондай-ақ адамдарға үлгі болғым келеді.

Ақназар Мүтәліпов жаттығуын үзбейді. Себебі алда әлем чемпионаты мен Лос-Анджелестегі Паралимпиада ойындары бар. Отандасымыз табандылығының арқасында бұл белестерді де бағындыратынына сенімді.

Серік Селеубайұлы, Полина Зачиналова