Қазақстандағы ипотека алушылардың жалпы саны 630 мың адамнан асты.

Біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты маңызды құжат қоғамдық талқыға шығарылды. Ол күшіне енетін болса, зейнетақы төлемдерін екінші деңгейлі банктерде рәсімделген ипотекаға бағыттауға болады. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды. Жаңа түзетулерге сәйкес, БЖЗҚ-дан алынған қаражат енді қарыз бойынша сыйақыны төлеуге емес, ипотеканың негізгі қарызын өтеуге жұмсалмақ. «Ашық НҚА» порталына 6 қарашада шыққан Министрліктің Бұйрық жобасы осы айдың 21-не дейін қоғамдық талқылауда болады.

Құжатта аталған өзгерістердің «Салық кодексінің жаңа редакциясымен байланысты» екені айтылған. Онда Қазақстан резиденттері БЖЗҚ-дан алынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа жеке табыс салығын төлеуден босатылады делінген.

Жаңа редакция бойынша, азаматтар тұрғын үйге арналған БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде жеке табыс салығын төлемейді.

Екіншіден, ол қаражатты екінші деңгейлі банктерде рәсімделген ипотекалық қарызды өтеуге қолдануға болатын тетік қарастырылмақ. Ол банктің процентін емес, негізгі қарызды жабуға тікелей бағытталады.

Сол кезде азаматтың қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік туады. Яғни, ипотекалық несие бойынша не ай сайынғы төлем мөлшері азаяды, не жалпы кредит мерзімі қысқарады.

«Министрлік өкілдері бұл өзгерістердің мақсаты — біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану процесін тиімді әрі ыңғайлы ету, сондай-ақ азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша мүмкіндік беру екенін атап өтті», – деп жазады Tengrinews.kz.

Сонымен қатар, қазан айының соңында «Отбасы банк» Қазақстанда зейнетақы жинақтарына алынған тұрғын үйлерді сатуға шектеу қойылуы мүмкін екенін мәлімдеген. Бұған Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді схемалар себеп болған. Бұл схемаларда зейнетақы жинақтарын «жылжымайтын мүлік сатып алу» желеуімен ерте шешіп алу жағдайлары тіркелген.

«Атап айтқанда, БЖЗҚ-дан алынған қаражат есебінен бір пәтерді әртүрлі сатып алушылар бірнеше рет сатып алған жағдайлар анықталған», — делінген хабарламада.

Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында «Отбасы банк» Индустрия және құрылыс министрлігіне қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жолдаған. Соның ішінде банк БЖЗҚ қаражатына сатып алынған тұрғын үйді бес жыл бойы қайта сатуға тыйым салуды ұсынған. Алайда кейінірек банкте бұл ұсыныстың қолдау таппағанын хабарлады.

Айта кетейік, Ayel телеграм-арнасы бұған дейін қазақстандықтардың қаншасының жеке баспанасы жоқ екенін зерттеген болатын.

2022 жылы тұрғын үй сатып алу қолжетімділігі бойынша әлем елдері рейтингінде Қазақстан 112 мемлекеттің ішінде 44-орынға ие болды. Сол жылы Қоғамдық саясат институтының әлеуметтанулық зерттеуі көрсеткендей, қазақстандықтардың 36,9%-ының өз баспанасы жоқ, 18,6%-ы ата-аналарымен бірге тұрады, ал 11,4%-ы жалдамалы пәтерде өмір сүреді.

Ел тұрғындарының 61,9%-ының ғана жеке меншігінде тұрғын үйі бар. 2024 жылғы 5 қаңтардағы мәлімет бойынша, шамамен 6,9 миллион қазақстандықтың жеке баспанасы жоқ. Сондай-ақ шамамен 6 миллион адам бір бөлмеде бүкіл отбасымен тұрады. БҰҰ стандарттары бойынша, әрбір адамға кемінде 30 шаршы метр тұрғын үй аумағы тиесілі болуы тиіс.

Krisha.kz мәліметінше, 2025 жылдың шілде айында ипотекалық несиелердің жалпы көлемі 241 миллиард теңгеге жеткен. Бұл маусым айымен салыстырғанда 13,4% көп. Жаңа қарыз алушылар саны да өсіп, 12,5 мың адамға жеткен, бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 12,9% өсім деген сөз.

Орташа ипотекалық несие көлемі шамамен 19 миллион теңге.

Қазақстандағы ипотека алушылардың жалпы саны 630 мың адамнан асты.