Елордада үшем дүниеге келді. Астаналық Ысқақовтардың отбасы осылайша көпбалалы жанұя қатарына қосылды.

Мамандар кейінгі жылдары елімізде егіз бен үшемдердің дүниеге келуі жиілегенін айтады. Ал үшемдердің тууы жылына әр 8 мың жүктіліктің бірінде ғана кездеседі екен.

Елордалық Жамантай әулеті үшем сүйіп, қуаныштары еселеніп отыр. Себебі бұған дейін Жарас пен Алтынай 1 қыздың ата-анасы атанған. Осылайша, бір сәтте көпбалалы отбасына айналып шыға келді. Олар жарық дүние есігін ашқан нәрестелеріне Жігер, Назар және Қадір деп ат қойыпты.

Жарас пен Алтынайдың отау құрғандарына 4 жыл болды. Отағасы, 32 жастағы Жарас Ысқақовтың мамандығы — геолог. Ал жұбайы онлайн сауда саласында жұмыс істейді. Жас отбасы үшін бүгінгі күнннің мән-маңызы бөлек. Олар бірден көп балалы жанұяға айналды. Әуелде қобалжу мен қорқыныш сезімі болды. Нәрестелерді қолға алған соң барлық уайымымыз сейілді дейді.

Жарас Ысқақов, үшемнің әкесі:

- Балаларымның жүрегін естігенге дейін шыны керек сенбедім. Ол қандай бақыт екенін тек қана балаларым туғанда ғана сездім. Оған дейін үш бала-үш бала деп ойда жүре берді. Өзім екі бөлмелі үйде тұрғаннан кейін екінші бала жарайды ау, өзі сияды, орын табылады деп ойлағанбыз. Енді қазір үш ұлым, бір қызым бар үйді кеңейту керек.

Алтынай Ысқақова, үшемнің анасы:

- Бір ғажап сезім болды. Себебі бір ғана емес үш бірдей әлдиді ұстап тұрған соң өте қуаныштымын. Бастысы Аллаға рахмет және 2 қалалық перзентхана ұжымына рахмет. Осындай қуаныш әрбір қазақ отбасында бола берсін, дені сау балалар дүниеге келе берсін, сәбидің жылаған даусы шыға берсін, үшемдер жұғысты болсын.

Бұл – ақ халаттылар үшін жауаптылық пен кәсібилік сыналатын сәт. Әсіресе шақалақ шала туған жағдайда дәрігерлердің әр минуты маңызды. Бірақ алаңдауға негіз жоқ. Балалардың дені сау, біртіндеп салмақ қосып келеді.

Роза Мақанова, №2 Қалалық көпбейінді аурухана Нәрестелер физиологиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Біріккен ұжымның арқасында аман-есен дүние есігін ашты. Олардың туған кездегі салмағы біріншісі — 2370, екіншісі — 2250 және үшіншісі — 2660 грамм болды. Олар мерзімінен бұрын 35 аптада туды. Туған кездегі жағдайлары қанағаттанарлық. Анасының омырауына салынды. Жеті күннің ішінде склинингтарын өтті, вакцинацияларын алды керекті тексерулер жүргізілді оларға. Бүгінгі таңда салмағын қосуда балалар. Аман-есен үйлеріне шығуда.

Үшемнің дүниеге келуін көбіне тұқым қуалаушылықпен байланыстырады. Яғни бұл – ұрпақтан ұрпаққа берілетін генетикалық ерекшелік. Отбасында бұрын үшем немесе егіздер дүниеге келсе кейін бұл қайталануы мүмкін.

Сәуле Ибраева, №2 Қалалық көпбейінді аурухананың Амбулаториялық қызметінің басшысы:

- Астана қаласы бойынша 2025 жылы екі үшем туу жағдайы тіркелді. Екеуі де №2 Қалалық көпбейінді аурухананың акушерлік бөлімінде дүниеге келген. Ең қуаныштысы — бұл көпұрықты жүктіліктер ешқандай ЭКО, РТ немесе индукциялық әдістердің көмегінсіз, яғни табиғи жолмен пайда болған.

Жалпы соңғы жылдары елде туу көрсеткіші өсіп келеді. Сәйкесінше жас отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары да артуда.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Самат Қазанбаев