Батыс Қазақстан облысында Рожков кен орнына жақын орналасқан Петров елді мекені көшіріледі. Бірақ тұрғындар көрші ауылға қоныс аударудан бас тартып отыр. Қаладан үй берілуін қалайды.
Бәйтерек ауданына қарасты Петров ауылы газ өндіретін кен орнынан 10 шақырым жерде орналасқан. Ауыл тұрғындары ауада жағымсыз иіс сезілетінін айтып, жергілікті әкімдікке шағым түсірген.
Гүлнәр Төлегенова, Петров ауылының тұрғыны:
Жанады ғой мына жақ, сонда қап-қара түтін болады. Біз шақырттық тексерушілерді, бірақ олар тексеріп, «таза-таза» деп кетіп қалды. Доғдыр да жоқ. Көп кісілер скорый келгенше қайтыс боп кетеді. Январцевқа көшкім келмейді. Балалар қалада пәтер жалдап жүр.
Елді мекенде тек 15 үй қалған. 46 адам тұрып жатыр. Жергілікті әкімдік петровтықтарды округ орталығы Январцев ауылына көшіреміз деп отыр. Бұл шешіммен ауыл тұрғындары келіспейді.
Эдуард Еділов, Петров ауылының тұрғыны:
Сероводород выбросы болады кейде. Жағып жатыр. Жарылыс та болады утечкадан скважинадан. Түнде тұрғанда иіс сезіледі. Қалаға көшіргенді жөн көреміз. Бір ауылдан екінші ауылға көшкеннің мағынасы жоқ.
Шағым түскен кезде экологтар ауылға барып, ауа құрамын тексерген. Кен игеруші компания 2024-25 жылдарға жер қойнауын пайдалану бойынша рұқсат алған. Ластағыш заттарды шекті мөлшерден асырмауға, қалдықтарды уақытша сақтауға лимит берілген.
Жанар Ізболатова, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:
Жергілікті атқарушы органға түскен арыз-шағымға сәйкес 25 жылдың ақпан айында кездесу өткізілді. Зертханалық талдау-бақылау бөлімінің мамандары ауадан сынама алды. Оның нәтижесі бойынша ластағыш заттардың шекті мөлшерден ауытқуы байқалған жоқ.
Заңға сәйкес тұрғындар үш жағдайда: төтенше жағдай жарияланғанда, жер мемлекетке қажет болғанда және экологиялық залал туындаған кезде көшіріледі.
Аслан Даубаев, Бәйтерек аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Январцев ауылында үй салу бойынша жер учаскелері қарастырылуда. Қаражат бөлінген жағдайда сол ауылда үйлер салынатын болады. Петров ауылының тұрғындарын қалаға көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес сол округ айналасындағы ауылға көшіреміз, яғни Январцев ауылдық округіне.
Бәйтерек ауданындағы Рожков кен орны 2023 жылы ашылды. 15 жыл бұрын барланып, жер астында газдың мол қоры бар екені анықталған. Сол кезде Рожков ауылы қалаға көшірілді. Ал Петров ауылы кен орнының санитарлық қорғау аймағына жатпайды. Алайда кен игерушілердің қалашығы екі шақырым жерде орналасқан. 2040 жылға дейін мұнда 15 млрд текше метр газ бен 7 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.
Ардақ Мұратқызы