МАГАТЭ ұйымына мүше 178 елдің 30-ы қазірде ядролық энергетикаға көшу мақсатымен жоспардағы жобаларды жүзеге асыруды бастап кетті.
Соның бір парасы, Бангладеш, Мысыр және Түркия алғашқы атом электр станцияларын салып жатыр. Бұл ретте Қазақстанда да АЭС салу бойынша бастама көтеріліп, нысан құрылысы бойынша нақты жобалар қолға алынған.
Мұхтар Тілеуберді, Қазақстанның Австриядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Ең бірінішіден, әрине біз әлемге мына уран экспорттаушы ретінде танымалмыз. Ал қазіргі таңда, өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда халықаралық агенттік жанындағы уранның банкі орналасқан. Ол біздің атом энергиясының пайдалануға әрине үлес қосуымыз. Оның үстіне бұл конференцияда жергілікті өкілдердің қатысуы маңызды. Өйткені бұл халықтың атом пайдалану жөніндегі ұстанымын көрсетуде.
Конференцияға әлемнің 80-нен астам елінен барған 60-тан астам өкіл "Бейбіт атом" тақырыбы төңірегінде сөз қозғап, маңызды сала бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Олардың ішінде Қазақстандағы Курчатов қаласының әкімі де бар. Өйткені бұл аймақта ядролық ғылымды дамыту мәселесіне алғаш рет бетбұрыс жасалған болатын.
Болат Абдралиев, Курчатов қаласының әкімі:
- Біздің Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықтың ең басты мақсаты осы ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету осы салада көптеген зерттеулер жүргізіп, бүгінгі күнде өзінің әлемдегі ерекше орнын алып отырған мекеме. Сол себепті біздің Курчатов қаласына және Қазақстанға осы платформада болып жатқан қандай да бір жақсы жағдайлар өзімізге тәжірибе алмасып, өзімізге қолдансақ Қазақстанға ол міндетті түрде жақсы бір әсерін тигізеді деймін.
Қазақстан ядролық қарудан толықтай бас тартып, бейбіт атомды түрлі салаларда зерттеп, қолдануға көшті. Әсіресе энергетика саласына басымдық берілген. Сондай-ақ ядролық отын өндіру бойынша халықаралық серіктестерімен ынтымақтастық орнатып, атом технологияларын басқа салаларда қолдану мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Әрі МАГАТЭ аясында Төмен байытылған уран банкінің орналасуы — еліміздің халықаралық аренадағы беделінің жоғары екенін көрсетеді, дейді мамандар.
Фариза Жанғанаева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов