6 желтоқсанда Астанадағы көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен зардап шеккендердің бірі – 11 жастағы бала көз жұмды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.


Ведомствоның мәліметінше, Абылай хан даңғылы, 20А мекенжайында орын алған өрттен кейін қалалық ауруханаларға алты адам – бір ересек және бес бала жеткізілген. Алдын ала диагноз: көміртек тотығымен уланудың ауыр дәрежесі. Барлығы жансақтау бөліміне жатқызылды, жағдайлары ауыр деп бағаланды.

«2014 жылы туған бала өте ауыр халде жеткізілді. Реанимациялық шараларға қарамастан, қайтыс болды», делінген хабарламада.

Қалған зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабар түскен уақыт – 15:36. Оқиға орнына келген құтқарушылар бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі аралықты толық басқан қалың түтінді анықтаған. Өрт бірінші қабаттағы қосалқы бөлмеде тұрған балалар арбалары мен тұрғындардың жеке заттарынан шыққан.

Оқиға орнында ТЖД бөлімшелері дереу барлау және эвакуация жұмыстарын бастады. Құтқарушылар 40 адамды, оның ішінде 7 баланы эвакуациялады, 6 адамды аман алып шықты. Барлығы медицина қызметкерлеріне тапсырылды.